19.10.2018, 12:41
Оқылды: 44

Бөкей ордасындағы IT сыныпта 240 бала оқымақ

Биылғы оқу жылында«Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз IT-сынып» жобасы аясында облыс бойынша 15 IT сынып қосылған.

IMG_4338

Соның біреуі Бөкей ордасы ауданы М-С.Бабажанов атындағы мектепте. Бүгін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және бөлім басшылары IT сыныптың жабдықталуы және балаларды оқыту жайымен танысты. Мектеп директоры Жұбан Ғұмаровтың айтуынша, биылғы оқу жылында 2-9 сынып аралығындағы 240 бала, яғни оқушылардың 70 пайызы IT сыныпта білім алады. Сыныптың ашылуына партиялық жоба ауқымында 3,9 миллион теңге бөлінген. Оның ішіндегі 900 мың теңге – жергілікті бюджет қаржысы.

– Қазіргі уақытта білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар сандық жүйеге көшуде. Заман талабына сай IT маманды тәрбиелеу өте өзекті болуда. Түрлі салада көрсетілетін қызметті цифрландыру уақытты тиімді пайдалануға, сапалы көрсеткішке қол жеткізуге, соңғы үлгідегі бағдарламалармен еңбек етуге мүмкіндік береді. Аудандағы «Megalain» желісі кейде өте баяулап, интернетті тиімді қолдануға кедергі келтіріп жатады. Алдағы жылы аудан орталығына «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында оптикалық-талшықты байланыс желісі тартылады деп күтілуде. Сондықтан заманауи технологияларды игеру өте маңызды. ІТ саладағы жаңалықты қабылдауға біздің балалар өте қабілетті, – деді аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Биыл тамыз айында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ІТ орталығында «STEM Academi» компаниясының бағдарламалары негізінде М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің мұғалімдері Дидар Омаров пен Эмил Темірбекұлы оқыған. Дидар Омаровтың айтуынша, балалар «Scrath» бағдарламасы арқылы компьютерлік ойындарды құрастыруды бастаған және робот техникасының қыр-сырын меңгеруде. Мамандар сыныптағы 3D баспа құрылғысын пайдалануды үйретіп жатыр. Әзірше, оқушылар баспа құрылғысынан пластмассаны ерітіп, қауырсыннан түрлі пішіндегі ұсақ заттарды қалыптап шығара алады. ІТ сыныпқа 11 компьютер орнатылған. Роботты құрастыруға қосымша материалдар алынуда. Кабинет іші әдемі безендірілген, кең, жарық. Оқу жылы бойына балалар топқа бөлініп оқиды.

IMG_4340 WhatsApp Image 2018-10-19 at 12.14.10

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале