31.10.2017, 15:46
Оқылды: 27

Бөкейордалық қобызшы шығармашылық кеш өткізді

Бөкей Ордасы аудандық саз мектебі қобыз класының жас маманы Жасмина Қабденғалиева «Туған жерге тағзым» атты өзінің алғашқы шығармашылық кешін өткізді.

Жасминаның сахнада еркін көсілуі 2005 жылы өнер әлеміне қадам басқанда қолына прима қобызды ұстатып, оның қыр-сырын үйреткен Зуһра Дүйсенғалиеваның еңбегінің жемісі болса керек. Алғашқы күндерден-ақ оның тегін шәкірт емес екеніне ұстазы еш күмән келтірмеді. Бірер жыл ішінде аспаптың сырын әбден ұғынған Жасмина аудандық, облыстық шараларда топ жарды, аудандық мәдениет үйінің «Үлгілі Орда гүлдері» ансамбліне де белді мүше болды.

2013 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың «Мәдениет және өнер» факультеті «Қобыз» бөліміне оқуға түсті. Жаңа ортаға қадам басқан Жасминаны жетелеп, оның үлкен сахнаға шығуына септігін тигізген тәлімгері Жәмила Нұрымбетованың берген тәлім-тәрбиесі еш кетпеді. Өйткені, ол Университет қабырғасында жүріп, 2014 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормония жанындағы Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестріне конкурс арқылы 2-қобыз тобының концертмейстері көмекшісі штатына қабылданады. Теориялық білімін оркестрдегі қызметімен ұштастыра білген оның жеткен жетістіктері де бір төбе. 2015 жылы республикалық «Сәлем, Астана» конкурсында Гран-Приді жеңіп алса, 2016 жылы Атырау қаласында өткен халықаралық «Жадыра, жас дарын» конкурсында ІІ орынды иеленді. Биыл оқуын тамамдаған Жасмина Ерланқызы туған ауылына оралып, өзін түлетіп ұшырған саз мектебіне қызметке кірісті.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева Жасминаның өнеріне ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Есен ТЕМІР

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале