27.10.2017, 11:55
Оқылды: 23

Бөкейордалық тұрғын кәсіпкерлер ассоциациясын құруды ұсынды

Бөкей Ордасы ауданы Н.Рахымжанов пен мәслихат хатшысы Е.Таңатов ақсақалдармен кездесу өткізді.

Басқосуды жүргізген Нұрлан Сағынтайұлы үлкендерді мерекесімен құттықтап, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен таныстырды, алдағы іс-шаралар жайын баяндады. Ауданымызды көркейту мақсатында тек бюджеттен бөлінетін қаржыны бақпай, көпшілік болып, кәсіпкерлерді де меценаттық іске тарту жайын сөз еткен ол қарттарымыздың жастарды бірлікке, ұйымшылдыққа шақыруын сұрады.

«Көп түкірсе – көл» деп жатамыз, жұмыла көтерген жүктің ауырлығы сезілмейді. Ауылға кіреберістегі тақтайшаларды жаңартуға болады емес пе? Осыған орай ауыл тұрғыны Есентай Нұрлыбаев кәсіпкерлер ассоцициясын құру жөнінде ұсыныс түсірді. Алтын Бисемалиева өз сөзінде халық пен биліктің ынтымақтастығын алға тартса, Майдан Батыров қазіргі нарық заманында қымбатшылықтың етек алғанын сөз етіп, осыған бір тоқтау салатын уақыттың жеткенін ескертті. Ауылдағы жеке дүкендердегі тауар бағасы құбылмалы екен. Бұл ретте, арнайы тексеру тобы барын және олар аптасына екі мәрте тексеру жұмыстарын жүргізіп тұратындығын тілге тиек еткен аудан әкімі сауда базаларынан шалғай орналасқандықтан жеке кәсіпкерлерге нақты мына бағаны ұстан деп айта алмайтындықтарын түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған Н.Рахымжанов айтылған пікірлер аяқасты қалмайтынын, түйткілді мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Бас қосуға риза болған үлкендер, ауылды көркейтуге бір адамдай атсалысайық деген пікірде тарасты. Келісіп пішкен тон келте болмас. Бірлігімізден жаңылмай, қай істі де ақыл таразысына салып, ұйымшылдықпен атқарайық.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале