7.11.2018, 16:04
Оқылды: 99

Бөрлі ауданындағы әжелер ансамбліне 15 жыл

         Бөрлі ауданы Ақсай қаласының мәдени өміріне айрықша мән беріп, елдің көзайымына айналған «Ақ жаулықты әжелер» халықтық ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті.

IMG_9663

         Мереке иелерін арнайы құттықтап келген аудан әкімі Санжар Әлиев:

         -Қымбатты да ардақты, ақ жаулықты әжелер, сіздерді бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер біз жаңғыртуға атсалысып жүрген рухани жаңғыруды осыдан 15 жыл бұрын бастап кеттіңіздер. Қазақ халқының дәстүрін сақтауға, жас ұрпаққа қазақ ән өнерінің ерекше қайталанбас үлгісін мұраға қалдыруға, сондай-ақ, қазақ халқының қанына сіңген ізгі адамгершілік қасиеттері мен салт-дәстүрлерін сабақтастыру арқылы жастардың санасында имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыруға қосқан үлестеріңіз орасан. Сіздерге өз атымнан және халық атынан ризашылығымды білдіремін, - деді.

         Мереке барысында әжелердің осы уақыт аралығында жүріп өткен өнер жолдарынан бейнероликтен көрсетіліп, әжелер халық әндері мен қара өлеңді де әуелете шырқады. Маңғыстау облысынан «Ақ тілеу» әжелер ансамблі және басқа да аудандар мен ауылдардағы әжелер ансамбльдері экран арқылы құттықтаула жеткізді. Кеште «Қызды оң босағаға отырғызу», «Тулақ шашу» сынды салт-дәстүрлерді әнді орындай отырып, көпшілік назарына ұсынды. Биыл ансамбль жанынан «Ақ босаға» келіндер клубы ашылған еді. Қашан да жеңге мен қайын сіңілі жарастығын тілейтін асыл әжелер бастамасымен клуб жанынан кеш барысында «Үкілі ару» бойжеткендер клубының тұсауы кесілді. Клуб лентасын мәдениет саласының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, мәдениет және спорт комиссиясының тұрақты төрайымы Г.Кадешова қиды.

         Рухани кеш барысында ақжаулықтылар «Дедімай-ау», «Туған жер», «Астана кеші», «Айналдым елім», «Немерем» әндерін орындады.

         Мереке соңында сахна төріне көтерілген аудан әкімі мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев ансамбльге сыйлық табыс етті.

IMG_9648

Сәнім МЕҢДІБАЙ,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале