18.05.2020, 13:00
Оқылды: 138

Бөрліде бизнес жобалары өндіріске бағытталған 

Елімізде бүгінде кәсіпкерлік салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Үкімет «еңбек етемін, іс қыламын» дегендердің бетін қаққан емес. Керісінше қолдайды. Мемлекеттік бағдарламалар – соның айқын дәлелі. Сонау тоқырау жылдардан соң төл экономикамызды көтеруге дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданды, қадау-қадау жоспар, жобалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде экономиканың екпіні артып, бойға қуат бітті. Үкімет қамқорлығының арқасында бойын тіктеген кәсіпорындар бүгінде алып компанияларға айналды.

95B5B0A4-BE8D-4DA8-8BAF-E783C383EBD1

Баяғыдай базар маңын күзететін жәй саудагерлер емес, нарық талабына сай кәсіпкерлер қатары көбейді. Ел Президентінің кешегі үндеуінде де кәсіпкерлік саласына тоқталып өтті. Өйткені ел экономикасына қазіргі жағдайдың әсер етуі мүмкін. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік жеке назар аударуды талап етеді. Осыған байланысты Президент "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы шеңберінде шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды тапсырды. Енді Үкімет пен "Атамекен" осы бағытты қаржыландыру көлемі бойынша анықтауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен микро және шағын бизнес саласындағы компаниялар табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылғаны белгілі. Заңнамаға енгізілген тиісті түзетулер биылдан бастап күшіне енді. Оған қоса биылғы жылдан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енді. Бұл қабылданған шаралар мен бұрын қабылданған «Бизнестің жол картасы 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы», «Қарапайым заттар экономикасы» атты мемлекеттік бағдарламалар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлкен қолдау мен мүмкіндік береді.

Бүгінгі бизнес – қоғамның тұрақты дамуының негізі

Өндірісті-аграрлы аудан саналатын Бөрлі жерінде кәсіпкерлік жыл санап өркен жайып келеді. Мәселен, 2019 жылы 4 855 шағын бизнес субъектілері тіркелген, 2018 жылмен салыстырғанда 2,9 % артты, оның ішінде іс жүзіндегілері 4022 немесе (82,8 %). Шағын және орта кәсіпкерлік қомақты әлеуметтік рөлді атқарумен бірге бюджетке елеулі салықтық түсімдерді қамтамасыз етеді. 2019 жылдың 10 айы ішінде бюджетке жалпы салық көлемінің (10 044,7 млн.теңге) 5742,8 млн.теңгесі (51,2%) шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен.

F68FC585-E8E8-40AC-B645-420A7082E6E0

Ауданымыздың экономика құрылымының 86 пайызын шағын және орта бизнес субъектілері құрайды.Шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс жасаған адамдар саны 16220. 2019 жылдың 10 айы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім, орындалған жұмыс және көрсетілген қызмет көлемі 768 708 млн.теңгені құрады, Яғни 2018 жылмен салыстырғанда 15,1 % өсті. Қазіргі уақытта аудан бойыншы 647-ден астам сауда нысандары жұмыс жасауда (дүкендер, дәріхана, кафе, жанар-жағармай бекеттері және т.б.).

 Бизнеске бастаған бағдарлама

Елімізде білікті мамандар тапшылығы жылдан-жылға артуда. Қазіргі таңда еңбек нарығында техникалық және кәсіптік мамандықтарға сұраныс айтарлықтай артқан. Бұл ретте мемлекет «Бизнес Бастау» бағдарламасын қабылдаған болатын. Ауданда қанатын кеңге жайған тың бағдарлама аясында өткен жылы («Бизнес Бастау», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша) 265 адам оқып сертификаттары берілді. Соның ішінен өз істерін бастау үшін 37 адамға жалпы сомасы 173,4 млн.теңгеге несие берілді, 91 адамға – 42,67 млн.теңгеге қайтарымсыз грант берілді.

Солардың бірі ақсайлық Сұлтан Торғаев. Жігерлі жас алдына қойған мақсатына жетпей тынбайды. Бүгінде өз қолымен құдыққа арналған дөңгелек бетон құйып, табысын бастады. Қажетті құрал-жабдықтарды салып, "Бизнес-бастау" жобасы арқылы 5 млн. теңге несие алды. Тапсырыс көп болғандықтан, кәсіпкер енді шеберхана аумағын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды да көздеп отыр.

- Үнемі қандай да бір бизнес бастау ойымда жүрді. Әрі мемлекеттің қолдауы боларын білетінмін. Шын ниеттенген соң ізденіп көрдім. «Бизнес Бастау» арқылы курсты аяқтап, тың жобаны қолға алдым. Негізі бұл кәсіпті жақын ағамнан үйрендім. Кейін ғаламтордан қажетті құралдарды қалай жасайтындығын білдім. Қазір тапсырыс түсуде. Бизнесім алға басып келеді, - дейді Сұлтан.

«Бизнес Бастау» бағдарламасының мақсаты - азаматтарды еңбекпен қамту, жұмыссыздар санын азайту. Бағдарлама аясында кәсібін заңдастырған жандар көбейген. Индира Есенғалиева солардың қатарында. Тырнақ бояп, әсемдеуді кішкентайынан хоббиі санаған ол үлкен бизнеске айналарын білмепті де. Индира, арнайы курсқа қатысып, өз кәсібін дамыту жолдарын үйренді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, қайтарымсыз грант алды. Ақсай қаласының тұрғыны Алмагүл Әлиева де тұрғындар тамақтанатын орын ашуды көптен армандаған. Қолында бизенс - жоспары бола тұра, бағыт көрсетер маман, құрал-жабдық сатып алатын қаражат көзі болмапты. Алмагүл арнайы курсқа қатысып, өз кәсібін дамыту жолдарын үйренді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, қайтарымсыз грант алды. Қазір ол онлайн арқылы қызмет көрсетеді. Кешегі карантин кезінде ісі тоқтамай, қайта клиенттер қатары артқан. Алмагүл тағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.

Жалпы мамандар бағдарлама аясында бөрліліктер ұсынылатын жобалар сапалы болып келе жатқандығын айтады. Бұл әрине қуанарлық жағдай. Өткен жылдары тұрғындар бизнесті жүргізу туралы ақпарат алғысы келсе, былтырғы студенттер бірден іске асыруға асығып тұрады екен. Өткен жылғы несиелердің 60 пайызы шаруашылық ашуға алынған. Оның ішінде тұрғындар сиыр, жылқы, қой малын бағып, өсіргісі келеді екен. Бөрлі ауданы өндірістік аудан болғаннан соң бизнес жобалар да көбіне өндіріске бағытталуда.

Қанатқақты бағдарламаның берері мол

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да қарапайым тауар өндірумен айналысатын кәсіпкерлерге үлкен қолдау, үлкен мүмкіндік. Қазіргі уақытта ауданымыздың 4 шаруа қожалығының жобалары аталған бағдарлама бойынша 155 млн.теңгеге несиелендірілді. Олар ауданымыздың экономикикасына зор үлес қосып жүрген «Нұр» шаруа қожалығы, басшысы Маутеева Светлана, жеке кәсіпкер Жанаева Акзиля және т.б. Жобалар сүт өнімдерін шығаруға, мал мен техника сатып алуға бағытталған.  

 Сандар сөйлейді

2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының банк несиелерінің пайыздық үстемелерін субсидиялау бағыты бойынша 36 жоба 2 550,15 млн. теңге (2018 ж.-1 жоба мақұлданды, сомасы 60,0 млн. теңге, 2017ж. - 29 жоба - 970,399 млн.теңге, 2016ж.-19 жоба - 2 286,9 млн.теңге). Жобалардың басым көпшілігі автокөліктер, жабдықтар сатып алуға, негізгі қаражат айналымдарын толықтыруға, коммерциялық жылжымайтын мүліктердің құрылысына және несиелік берешектерді қайта қаржыландыруға бағытталған.

2019 жылы облыстық аймақтық координациялық кеңесі жаңадан бастаған бизнес бастамаларға қайтарымсыз грант беру бағыты бойынша 3 жобаны мақұлдады, жалпы сомасы 7000,0 мың теңге. Олар Ақсай қаласында табиғи сүттен әртүрлі ірімшік жасау өндірісі, жасанды интеллект зертханасы мен саңырауқұлақтарды өсіру.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 2018 жылы 55 жоба – 287,2 млн.теңгеге мақұлданды. Несиелер мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын, автокөліктер және жабдықтар сатып алу үшін берілді. 2019 жылы 33 шаруа қожалықтарына және жеке кәсіпкерлерге көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы техникаларын және мал сатып алу үшін сомасы 224,96 млн.теңге несие берді.

 Тың жоба – жаңа мүмкіндіктер бастауы

Жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттары аудан экономикасына инвестиция тарту, шикізаттық емес секторды дамыту болып табылады. Биыл Ақсай қаласында бірқатар инвестициялық жобалар іске асады. Олардың қатарында асфальт зауыты, төрт жұлдызды қонақүй кешені және тауарлы-сүт фермасы бар.

Өңірдегі ірі инвестициялық жобалар қосымша жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізуде. Мәселен «Конденсат» АҚ, 2016 жылдың желтоқсан айында «К5 экологиялық класты мотор отындарын өндіру» жобасын іске асырды. Жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілді. Жоба құны – 45 287 млн.теңге. Жобаны іске қосқан уақыттан бастап жалпы сомасы 68,3 млрд.теңгеге 509,2 мың тонна өнім шығарылды. 28 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Ақсай индустриалды паркі» ЖШС 2013 жылы «Блок - модуль құрылыстарының, басқару панельдерінің, пісіру жабдығының сондай-ақ алюминий құрылыс-монтаждау сатыларының шығарылымын ұйымдастыру (дана)» жобасын іске қосты. Жоба құны – 20 млн. АҚШ доллары. 250 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болатын, нақты 185 жұмыс орны ашылды.

Кәсіпорының қуаттылығын арттыру мақсатында облыс әкімдігі мен «АИП» ЖШС арасында Жол картасы жасақталып, қол қойылды. «RT Alliance» ЖШС, «Сұйытылған азот шығаратын зауыт» жобасын іске асырып жатыр. Жоба – аймақтық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Инвестициялық көлемі – 1 млн. АҚШ доллары. «ПетролВалвз КИОС КАЗАХСТАН» ЖШС, шарлы крандар, клапандар және ысырмаларды өндіру мен жөндеумен айналысатын зауытты ашты. 2019 жылдың 2 маусым күні зауыт ресми түрде ашылды. Инвестициялық көлемі – 4 млн.евро, 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Аманат» ш/қ (Далабаев Б.М.), Пугачев ауылдық округінде 500 бас ірі қара малына арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын аяқтады. Жоба құны -2,5 млрд.теңге. Қазіргі таңда 56 бас ірі қара сатып алды, мал қоралары, әкімшілік ғимараты, астық сақтау қоймасы іске қосылды. Тағы бір маңызды нақты іске асырылып жатқан жоба - «ПСП «Серік» ЖШС төрт жұлдызды қонақүй кешенін салып жатыр. Жобаның құны – 3 507,6 млн. теңге, құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады. Жоспар бойынша 45 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Адал Арна Алматы» ЖШС-і (Кабдрахманов М.С.) Бөрлі ауданының «Пепел» теміржол разъезінде «Асфальт-бетон зауытының құрылысы» жобасын іске асырады. Аймақтық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жоба құны шамамен 1,4 млрд.теңге. «Наз Тур» ЖШС (Елеусинов Л.Ж.) – Ақсай қаласында ірі құрылыс дүкенін салуда, инвестиция көлемі 100,0 млн.теңге, құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. «БӨҚС» ЖШС (Дарханов Н.А.) – Ақсай қаласында мектепке дейінгі және қосымша білім беру орталығының құрылысын бастады, инвестиция көлемі – 250,0 млн.теңге, құрылыс биыл аяқталады.

«Аir grupp» ЖШС (Саратаев Н.А.) – Ақсай қаласында қазіргі заман талаптарына сай көліктерге техникалық қызмет көрсететін станциясы құрылысын бастап кетті, инвестиция көлемі – 100,0 млн.теңге. «Аксай маркет» ЖШС (Омаров А.С.) – Аралтал ауылында супермаркет құрылысын бастауды жоспарлады, инвестиция көлемі – 40,0 млн.теңге.

«Zhas Project» - жастарға зор мүмкіндік

Былтыр Жастар жылы аясында жастарға жаңа мүмкіндік туғызған «Zhas Project» жобасы Бөрлі ауданында да іске асты. Өңірден ұсынылған он үш жобаның үшеуі мақұлданып, жастар кәсіппен айналысуға мүмкіндік алды.

Жоба қатысушысының бірі - Бөрлі ауылының тұрғыны Ғадылбек Ақпанов. Бұған дейін сан-салада қызмет еткенімен, арманы өз алдына кәсіп ашу болатын. Алайда мақсатын жүзеге асыруға қаражат қолбайлау болды. Ол әлеуметтік желі арқылы жоба туралы біліп, бағын сынап көруге бел буады.

Ғаділбек өзінің серіктестерімен тұрғындарды суретке түсіріп, құжаттардың көшірмесін жасайды.

- Мен жоба туралы әлеуметтік желі арқылы білдім. Білдім де бұл менің жобам екендігіне көзім жетті. Тездетіп серіктестерімді жинадым. Кейін жобамды ұсынып, Шыңғырлау ауданындағы төрт күндік семинарда білімімді толықтырдым. Үш кезеңнен де сәтті шығып, жоба жеңімпаздары атандық - дейді жас кәсіпкер. Сапалы әрі тез жасалған жұмысқа тұрғындар риза. Жоба жетекшілері алты ай бойы ауылдағы аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін қызмет көрсетті. Бұл да тұрғындарға зор қолдау.

- Бұрын құжаттың көшірмесін жасау үшін немесе балаларымызды суретке түсіру үшін Ақсай қаласына баратын едік. Енді ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз,- дейді біз тілдескен ауыл тұрғыны Гүлнар Ермағамбетова.

Жалпы бұл жобаның негізгі мақсаты - осал топтағы жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту. Әрі әлеуметтік топтағы жастардың бастамасына қаржылай көмек көрсетіп, осы арқылы шағын орта бизнесті дамыту. Ал жастар өз кезегінде ойға алған ісінің жемісті дамуына талпынса болғаны. Оның аясында 14-пен 29 жас аралығындағы үміткерлер 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік алды. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар үшін тиімді жоба екені даусыз. Тек алға мақсат қойып, ойға алған ісінің жемісті жүзеге асуына талаптанса болғаны. Өңірде бірлігі жарасқан іскер жастардың қарасы қалың. Бұған қанатқақты жобаның да үлесі зор. Өйткені мемлекет ұсынған бағдарламалар арқылы ауданда жас кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді.

 

Ниет бар да, күш-қайрат жоқ па?

Ауданда өткен жылы «Бизнес Бастау», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша 265 адам оқып, сертификат алғанын айттық жоғарыда. Соның ішінен өз істерін 37 адам ғана бастаған. Жылда мұндай курстардың бірнешеуі оқытылады. Өкінішке орай, өз кәсібін бастап кетіп жатқандар саны көңіл көншітпей отыр дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мереке Ізтілеуов.

- Оларды да түсінемін. Кәсіпкер боп кету оңай емес. Дегенмен оқу курстарына келген соң белгілі бір мақсат болды ғой. Тегін оқып, сертификат та алды. Енді ізденіп, бизнес-жоба жасап, шаруасын бастауға келгенде азды-көпті қиындықтарға шыдамай орта жолға келгенде тастап кетіп жатады. Бастаған істі аяғына дейін жеткізгенде ғана нәтиже болмақ. Біз ең бастысы, қолымыздағы диплом да, сертификат та негізгі табыс көзі емес, тынымсыз еңбек қана табысқа жеткізетінін білетін уақыт келді деп ойлаймын. «Еңбек бәрін жеңбек» деп атам қазақ бекер айтпаса керек».

Ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен әртүрлі жобалар бойынша жұмыс жасап, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан ұйымда мен кәсіпкерлер туралы мағлұмат осындай. Облыс деңгейінде жақсы да көрсеткіш. Дегенмен мемлекетіміз шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, барынша жол ашып отырғанда өз кәсібін дөңгелетемін дегендер санының бұдан да көп болғаны дұрыс-ау.

 Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале