18.05.2020, 17:28
Оқылды: 132

Бөрліде көше атаулары қазақшаланды

Көше аттарын өзгерту - біздің қоғамда әлсін-әлсін дау туғызып отыратын мәселелердің бірі. Өйткені көше аттарын өзгерту туралы кез келген шешім не қаулы ономастикалық комиссияда қаралады. Ал ономастика күрделі де ауқымды ғылым. Оның да өз ережесі мен тәртібі бары белгілі. Соған қарамастан кезі келгенде көше, тіпті қала аттарының өзгеріп тұратынын уақыт дәлелдеп берді. Ал өз тәуелсіздігін алып, мемлекет ретінде танылғанына 30 жылға жақындаған бізде көше аттарының ел келбетіне сай болуы үшін өзгертілуі заңды да. Біздің көшелеріміз халқымыздың салт-дәстүрінен хабар беріп, қадірлілерімізді қастерлеп, ұлыларымызды ұлықтай алатынымызды білдіріп тұруы керек. Мағынасы жағынан ескірген, мәні жоқ аттар елдігімізге сын және көше атының лайықты болуының қаланың сән-салтанатын арттыруға қосатын өзіндік үлесі бар.

A2863408-3B2E-4335-A90A-60D047647546

Көшелерге атау бергенде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп атап көрсетілген «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының 25-бабының  5-тармағына сәйкес, тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктер ескерілетіні, елімізде немесе әлемдік қауымдастық алдында елеулі еңбек сіңірген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ел батырларының, ұлт мақтаныштарының есімдерін беру деген сияқты қағидаларға сүйенетінін біле жүрген абзал.

Бұл мәселе ауданымызда бұдан біраз жыл бұрын қозғалғанымен, көше аттарын өзгертуге елімізде мораторий жариялануы едәуір кедергі келтірді. Оған себеп оңтүстіктегі ағайындардың «әкем аты ауылға, атам аты ауданға» дегендей танымал, танымал емес адамдардың атын көшелерге беріп, науқанға айналдыруы болды-ау деймін.

Жалпы, біздің ауданымыз кенішті, өндірісті аудан болғанына қарамастан, қала келбетін жасақтауда ұлттық нақыш пен отаншылдық тәрбиеге қарай елеулі бетбұрыс жасап отыр деуге болады. Ауданда ара-арасында елді мекендерде бірер көшенің аты өзгергенін есепке алмаса, көше аттарын өзгертуді екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі, белгілі себептермен көшірілген, Березов елді мекені тұрғындарының Ақсай қаласына шағын аудан болып қоныстануымен байланыстырылады. Бұл 2018 жыл. Қала аумағына берілген Аралтал ауылына, тақтайдай тегіс жолы бар, сыңғырлаған жаңа үйлерге көшіп келіп жатқан тұрғындар көшелеріне    Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай жаңа атаулар берілді. Оның ішінде Алаш қозғалысының арыстары Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамбетов,т.б. аттары бар. Сонымен бірге «Алашорда», «Айқап», «Ұран» атты көшелер пайда болды. Жарқыраған жаңа көшелердің атаулары Алаш қайраткерлерін тану мен жас ұрпаққа танытудың мыңнан бір түйірі ғана екенін іштей түйсінгенмен, ұлт тарихын қастерлеуге, ұлттық келбетімізді айқындауға қосылған кішкентай болса да үлес еді бұл.

6E39DC71-E396-4A6F-B4D4-2A7147FFA445

Көше аттарын өзгертудің екінші кезеңі былтыр, яғни 1919 жылдың соңғы айларында жүзеге асты. Ақсай қауымдастығы мүшелерінің жиынында көше аттарын өзгерту туралы мәселе қаралып, қаладағы 25 көшенің аты өзгертілетін болып хаттама толтырылды. Бұл шешімді Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаев өз шешімімен бекіткендегі қуанышты айтсаңызшы. Осы жайлы әлеуметтік желіден оқыған белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ ағамыз «Ау, мынау сүйінші сұрайтын ақ қуаныш қой!» деп те қалды. Сүйінші сұрағандай-ақ негізі.  Первомайская көшесі атақты қазақ ақыны, жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің, Октябрьская көшесі ұшқыш-штурмовик апамыз Хиуаз Доспанованың, Утвинская көшесі көрнекті жазушы Мұқтар Әуезовтің атын иеленді. Бұрыннан жазулы тұрған ауданымыздың соғыс ардагерлері Иван Ващук пен Қайыр Шакенов көшелері де осы жолы арнайы рәсімделді. Сол сияқты олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың, атақты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің атын иеленген көшелер де бар. Заводская көшесі -Жайық көшесі болып, Линейная көшесі - Жібек жолы көшесі болып, Тупиковая - Көкжиек, Овражная - Береке көшесі деп аталып жатқаны, әрине, қуаныш. Ақсай қаласының басты көшесі Советская - енді ұлы ғұлама әл-Фараби бабамыздың атымен аталатын болды. Күні өткен кеңес заманынан қап кеткен көне дүниедей келіп-кеткен кісіге көзтүрткі боп, талай рет сын садағына іліккен Совет атауы көше ретінде келмеске кетті. Көше атауларының жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін ескерсек, енді бұрынғы Совет көшесінің тұрғындары «біз Әл-Фараби көшесінің тұрғынымыз» деп кеуде керіп мақтанышпен айта алады. Өз көшесінің атауына байланысты білмейтіндерін интернетті ақтарып іздейтіндері анық қой. Соның арқасында Желтоқсан (бұрынғы Пролетарская көшесі) тарихын қайта оқып та шығар кейбіреулер деген үміт те жоқ емес. Болмаса «Балдырған» (бұрынғы школьный переулок) балалар журналының тарихы да өзінше бір әлем. Бұл 25 көшенің ішінде Западнаядан-Батыс көшесі, Молодежнаядан - Жастар көшесі, Трудоваядан - Еңбекші көшесі, Центральнаядан - Орталық көшесі болып қазақшаға аударылып, яғни қазақыланған көшелер де бар.

«Біздің көшенің атауы «Жібек жолы» деп аталатын болды» дегенді естігенде шын қуандым, - дейді қала тұрғыны Гүлзира Қайырғалиева - темір жолға жақын болғандықтан қойыла салған Линейная деген атау қызықсыз, мән-мағынасыз болатын. Ешкім оған мән де бермейтін. Сол күні-ақ қызыма Ұлы Жібек жолы туралы білетінімді айтып бердім. Ол туралы мағлұматтарды бірге іздестірдік. Бай тарихымыздың бір үзігі менің көшеме көшіп келгендей марқайып қалдым».

Әрине, тәуелсіз Қазақстанда тұрсақ та, бұл шешімге қол жеткізу оңай болмағаны белгілі. Кертартпа пікірлер де аз болған жоқ. Екеуі мүлде екі басқа мәселе екенін біле тұра «көше аттарын қозғамаңдар, әуелі көше жолдарын жөндеңдер» дегендер де болды. «Әл-Фарабидің кім екені білмеймін» деген және кейбіреулердің қалалық әкімдікпен соттасуға дейін барғанын айтсақ, дәмді ауыздың дәмін кетіргендей болармыз. Тағы бір қиындық көше атауларын өзгертуге кететін  қаражат мәселесі болатын. «Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа» дегендей, тәуелсіз елдің тәуекел деп тас жұтқан жігіттері бар екен. Ақсайлық жергілікті кәсіпкер Бақытжан Ғаделшиев жыл басындағы Қоғамдық кеңес отырысында айтқан сөзінде тұрып, көше атаулары жазылған әдемі аншлагтарды ауыстырып іліп жатқанын көріп те жүрміз. Арыстарымыздың аттары жазылған көшелер жарқырап кеткендей. Қалай болғанда да көшелерге берілген жаңа атау жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс болса, сол бағытта батыл қадам жасалғанын атап айтқым келеді. Жақсы іс жалғасын табады деп сенемін.

 Дариха Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале