10.08.2020, 15:37
Оқылды: 208

Бөрліде тазы жарысы өтті

Осындай атаумен Бөрлі ауданында тазылар арасында онлайн-жарыс өткізілді. Жарысқа бір жастан асқан құмай тазылар қатыстырылып, 2000 м қашықтықты жүгіріп өтті.

34064535-3C67-4729-A231-5301DA28CA2A

Қазақ үшін киелі жеті қазынаның бірі - құмай тазы. Аңға салсаң оқтаулы мылтығың, төрт түлікті түлетсең сенімді серігің. Осыны ескерген бөрлілік ұлт жанашырлары тазы жүгіртуді еріккенің ермегі емес, спорт  деңгейіне шығармақ ниетте.

Осы мақсатта аудандық спорт бөлімі шектеу шараларын ұстана отыра 10-нан аса итбегілердің басын аудан іргесінде жазық далада қосып, ит тектісі қазақтың тазыларын сынға салды.

Итбегілердің де көңілдері көтеріңкі. Жетектеріне тазы байлап, жүгіртіп әлек. Ұйымдастырушылардың бастамасына дән риза. Айта кету керек, мұндай жарыс ауданда алғаш рет өткізіліп отыр. Бастамаға тікелей түрткі болған аудандық газетте жарық көрген «Бөрліде саятшылық сауық құрса» мақаласы екендігін спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов өз кезегінде айтып өтті.

- Аудандағы спорт саласы спорттың қай түрінен де кенжелеп қалған емес. Барынша қолдап, дамытуға күш салып келеміз. Мәселен ат спорты, асық ату бір ретке келіп қалды десек болады. Енді, міне, тазылар жарысын ұйымдастырылып бастадық. Аудандық басылымнан тазылар туралы мақаланы оқып, сонда аталған тазы баптаушы азаматтардың бірімен жолықтым. Жалпы ойларымен, жоспарларымен таныстым. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты көпшілікті жинай алмайсың. Сондықтан тек тазы баптаушы оншақты итбегілердің басын біріктіріп бастамасын жасап жатырмыз. Алдағы уақытта бір қалыпқа түсіп жатсақ, бұл іс өз жалғасын табатын болады. Аудандық, облыстық турнирлер өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан әрі елде қандай деңгейде жарыс ұйымдастырылмасын, «қатысамыз» деп жатса, біз әрқашан қолдауға әзірміз. Жалпы біздің ойымыз – қазақтың тазысын спорт деңгейіне жеткізу. Алдымен өз елімізде танытып,мойындату үшін, бірінші – спорт деңгейіне жеткізуіміз керек сияқты»,- дейді бөлім басшысы.

0A60E497-6BAE-4118-A739-456BF44599EA

Тартысты өткен жарыста  арландар арасында «Хан» атты тазы (иесі Айболат Темиров) алдыңғы орынды бермесе, аналық тазылар арасынан «Сусар» атты тазы (иесі Сәкен Буршиев) алға шықты. Барлық жарысқа қатысушылар арнайы диплом және медалдармен марапатталды.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале