27.05.2018, 19:02
Оқылды: 23

Бөрліде жоба үздіктері анықталды

IMG_4475Қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық «Men qazaqpyn» жобасының іріктеу кезеңі Бөрлі ауданында жалауын желбіретті.

Еліміздің батыс аймағында қалыптасқан өнер мектебі өкілдері туындыларын кеңінен дәріптеген шарада жампоздардың басым бөлігі Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін орындады. Жыршылар мен термешілердің өнерін халқымыз ерекше бағалап, қастерлейді. Жобаға 18 бен 40 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Саф өнерді дәріптеп жүрген үміткерлерге облыстық әнші-термешілер байқауларының лауреаттары Мұхит Бірәнов, Жаңыл Шүгірова, Мирас Бақтығұловтар баға берді.

Он өнерпаздың ішінен оқ бойы оза шапқан қос жүйрік пугачевтық Талғат Жүпиев пен жаңаталаптық Кенесары Бұғамбетовтар облыстық жобаға жолдама алды. Байқау барысында Талғат Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» және «Ақкербез» әндерін бабына келтіре орындаса, Кенесары Сарынтайдың шығармасы «Ақын шабыты» мен Ғарифолла Құрманғалиетің «Сүйген жар» әндерін орындап, әділқазы көңілінен шықты.  «Ата-бабамыздан ғасырдан ғасырға жалғасып мұқалмай бізге дейін жеткен саф алтындай өнеріміздің байқауы Ақсай шаһарында өтіп жатқанна қуаныштымыз. Бүгін сіздер төл өнерімізді туын желбіретіп биікке шығарып жатсыздар» - деген аудан әкімі Алдияр Халелов жобаның облыстық кезеңіне жолдама алған Т.Жүпиев пен К.Бұғамбетовтерге сәттілік тіледі.

Шара соңында тележобаның қатысушылары мен қонақтары генерал Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябаққа «Men qazaqpyn» жобасының қадасын қағып, көшеттер отырғызды.

Айым Нұрғалиева

Бөрлi ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале