25.05.2019, 0:14
Оқылды: 44

Бостандық мектебінің түлектері ауылға саябақ салып берді

Қазталов ауданы Бостандық ауылында Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 1982 жылы туған, мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер туған ауылына тарту жасады.

IMG_4110-800x533

Яғни, 2 млн. теңге қаражатқа саябақ салып берді. «Достар саябағы» атауымен ашылған нысанның аумағы 1982 шаршы метр. Түлектердің қолымен 82 түп ағаш егілді.

IMG_4106-800x533

Саябақтағы алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын да мектеп түлектері өз мойнына алып отыр. Саябақтың ашылу салтанатына бостандықтық ағайын түгел жиналды. Ауыл ақсақалдары осындай ауқымды жұмысты қолға алған ауыл азаматтарына батасын берсе, ақжаулықты аналар шашу шашты. «Достар саябағын» ашқан Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетов осындай игі істі жүзеге асырған ауыл түлектеріне ел атынан алғыс білдірді.

IMG_4144-800x533

Бұдан кейін ауыл халқы мектеп бітіргендеріне 5, 10, 20 жыл болған мектеп түлектері бастамашы болған дала қызықтары өтіп жатқан алаңда бас қосты. Түлектердің демеушілігімен дала қызықтары осымен 9-шы рет өтті. Бостандық ауылының солтүстік бетінде өткен дала қызықтары шағын футбол мен волейбол жарыстарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатынан басталды. Дала қызықтарында жаяу жарыс, арқан тарту, қой көтеру, қазақша күрес, тай жарысы және аламан бәйге сияқты ұлттық спорт түрлері ойналды.

IMG_4176-800x533

Үш шақырым қашықтықты бағындырған ерлер арасындағы жаяу жарыста I орын Мереке Ермек пен Айдынбек Жасқайратов өзара бөліссе, II орынға Марғұлан Тыныштықов, III орынға Дәулет Ибраймов ие болды. Ал қыздар арасында 300 метр қашықтықта Нұржауған Қайырбекова I орынға жету үшін бар ынтасын салса, I-II орынға Айза Ғұбашева мен Гүлжайна Бақытжанова тұрақтады. Ең тартыстысы арқан тарту болды. Білектерінде күштері ойнаған бостандықтық жігіттерден құралған «Алпамыстар» командасы қарсылас шақ келтірмей I орынды жеңіп алса, II орынды «Сарықұдық» командасы иеленді. Ал қыздар арасында арқан тартыстан 1 орынды «10 жылдықтар» командасы, 2 орынды «Көз тимесін» командасы бөліп алды. Дала қызықтарында қазақша күрестен 70 келі салмақта бостандықтық Сырым Байесов барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңімпаз атанса, 70 келіден жоғары салмақта тереңкөлдік Асхат Ғұмаров нағыз мықты екенін танытты. Қой көтеруде Бостандық ауылының білекті жігіті Диас Қабылаxатов 54 рет көтеріп, чемпион атанды. Алаңға жиналған ағайынның күткені тай жарысы мен аламан бәйге болды. 6 шақырым межеге шапқан 7 тайдың ішінен Бостандық ауылының белгілі атбегісі Нұрлан Нұғмановтың «Тал торысы» барлық сәйгүліктерден оза шауып, бас бәйгені қанжылады. Аламан бәйгеде 15 шақырым қашықтықта 12 тұлпар бақтарын сынады. Сайдың тасындай іріктелген тұлпарлар арасынан қарсыластарын шаң қаптырған көктеректік Мерес Төлегеновтің «Үміт» атты сәйгүлігі мәреден бірінші көрінді. Қызықты өткен дала қызықтарының соңы жүлдегерлерді марапаттаумен аяқталды.

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы

IMG_4210-800x533

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале