6.01.2021, 15:26
Оқылды: 105

Бостандықта бокс залы ашылды

Сиыр жылын Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының халқы қуанышты жаңалықпен қарсы алды. Аудандық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, жаңа бокс залы ашылды. Спорт нысанының ашылуына ауыл азаматтарының да көмегі зор болды.

IMG_9735

Бостандық орта білім беретін мектебінде әскери дайындық пәнінің мұғалімі Асланбек Сармалаев ауылда бокс үйірмесін ашып, қарадомалақтарға былғары қолғап түйістіруге баулығанына 10 жылдың жүзі болды. Бірақ, балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған еді. Осы күнге дейін мектеп жертөлесінде жаттыққан жас боксшылар намысты қолдан бермей, талай байрақты бәсекелерде топ жарып, аудан намысын қорғады. Бостандық бокс үйірмесінен 5 спорт үміткері шықса, Тұрарбек Қалиев, Санжар Марксов сынды жас боксшылар бүгінде аудан мақтанышына айналып отыр.

Балаларға жағдай жасау үшін жаңа ғимарат керек еді. Осы мәселемен талай есікті қағып, табанын тоздырған Асыланбектей азаматтың еңбегі еш болмады. Ел басқарған Альберт Темірболатұлындай азаматтар тарапынан қолдау болып, ауылдың жанашыр да іскер азаматтары көмек қолын созған еді. Кезінде Бостандықтай тату елге басшы болған, еңбек ардагері Ілиясов Тасқали ағамыз қарамағында бос тұрған ғимаратты сыйға тарту етті. Дегенмен, бұл ғимаратқа күрделі жөндеу қажет болатын. Жанашыр азаматтар ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға демеушілік білдірді. Ауданның атқамінер азаматтары да қарап қалмады. Күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлгізді. Нәтижесінде ескі ғимаратқа заманауи жөндеу жұмыстары жасалды.

IMG_9751

Айта кету керек, бокс залының ашылуына Асланбек өзі мұрындық болып, барлық жұмыстардың бас-қасында жүрді. Енді міне, Асланбек баулыған жас боксшылар іші жарық әрі жылы залда жаттығатын болады. Асланбектің көптен күткен арманы жүзеге асты десек, артық болмас.

Бокс залының ашылу салтанатында сөз алған Казталов ауданының әкімі Альбет Есалиев бірлігі бекем Бостандық ауылының тұрғындарын құттықтап, Тасқали Ілиясовқа және боск үйірмесінің жетекшісі Асланбек Сармалаевқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатын табыс етті. Сонымен бірге Альбет Темірболатұлы жас спортшыларға бокспен шұғылдануға ыңғайлы спорттық киімдер сыйға тартты.

IMG_9753

Айтулы шараға арнайы келген Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров құттықтау тілегін жеткізіп, жаңа бокс залына басқарма атынан ринг тарту еткенін жеткізді.

Шарада бокс залына бокс қаптары мен боксқа арналған резиналы төсеніштер алып берген «Батыр Боламын» қайырымдылық қорының президенті Арман Уахапқа аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Айта кету керек, «Батыр Боламын» қоры Нұр-Сұлтан қаласында құрылса, оған демеу білдіріп, қаржат аударған өзіміздің облыс кәсіпкерлері. Нақтырақ айтқанда «Автор своей жизни» тренинг орталығы еріктілерінің көп көмегі тиген.

IMG_9758

Бокс ғимаратының лентасын «Батыр Боламын» қайырымдылық қорының президенті Арман Уахап пен спорт ардагері Молдаш Сейтеков кесті. Бокс залының ашылу салтанатына жиналғандар үшін ән шырқалып, ауылдың әжелері шашу шашты.

Бүгінгі заманға сай жабдықталған бокс залының іші көздің жауын алады. Залдың бір бөлігінде ринг орналасса, енді бір бөлігінде спорттық жабдықтар орын тепкен. Бокспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Залдың ішінде жас спортшылар өз өнерлерін ортаға салса, осы залдың ашылуына мұрындық болған, бокс үйірмесінің жетекшісі Асланбек Мұсабекұлы қуанышын жасыра алмады.

- Менің 10 жылдан бергі арманым бүгін орындалды. Қуаныштан толқып тұрмын. Қолдау білдірген облыс, аудан басшыларына алғысым шексіз. Ауылдың жаны жомарт азаматтары да қалыс қалған жоқ. Әсіресе Тасқали Ілиясов, Абзал Нұғманов ағаларымызға және «Батыр Боламын» қайырымдылық қорының президенті Арман Уахапқа алғыс айтамын. Барлық қолдау жасаған ауыл тұрғындарына рақмет.

IMG_9778

Шара барысында «Батыр Боламын» қайырымдылық қорының президенті Арман Уахап мырзаны да әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Бүгін Бостандық ауылында ерекше күн. Халықтың қуанышына ортақтасып отырмыз. Батыс Қазақстан облысының «Автор своей жизни» тренинг орталығы еріктілері кәсіпкерлерден қаржы жинап, біздің қорымыз аударды. Нәтижесінде бокс залына біраз дүниелерді тарту жасадық. Осы еріктілер тобына алғыс білдіремін. Бостандықтан чемпиондар шыға берсін!

IMG_9802

Зәулім спорт залының ашылу салтанатына келген ауылдастар да дән риза. Солардың қатарында бокс залының жөндеу жұмыстарына демеушілік жасған «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Ғазизов Қазбек ақсақал да бар.

- Балаларымызды жалпы спортқа, соның ішінде боксқа баулып жүрген Асланбек баламыздың ұйымдастыруымен бүгін міне жаңа зал пайдалануға берілді. Бірлік танытқан барлық азаматтарға ақ батамды бердім. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

IMG_9783 (1)

Шара соңында Асланбек Сармалаевтың жанқиярлық еңбегіне риза болған Абзал Нұғманов ауылдастар атынан алғыс айта келіп, бапкерге сәйгүлік мінгізді.

Еліміздің тарихында әлемдік байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатып, ел мерейін асырған чемпиондарымызбен мақтанамыз. Солардың ішінде жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің орны ерекше. Ендігі кезекте бостандықтық жас боксшылар Данияр ағасының жолын жалғап, ауданымыздың атын әлемге әйгілесін дейміз.

 

 Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале