4.12.2019, 12:41
Оқылды: 590

Бостандықтан шыққан опера жұлдызы

Қазақ өнерінде айшықты із қалдырып жүрген талантты әншілер көп. Солардың бірегейі – Қазталов ауданы Бостандық ауылынан шыққан өнерпаз, құлаққа өте жағымды қоңыр үнді дауыстың иесі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры опера труппасының солисі, Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқау-фестивалінің Гран-при иегері Айзада Қапоновамен сұқбаттасудың сәті түсті. (Алыста тұрса да телефон арқылы қуана тілдесті). Өнер жолы – ауыр жол. Осы жолда тек шын мықтылар ғана мойындалады. Бойында өнері тасып тұрған адам жолдың ауыр-жеңіліне қарамайды. Шығармашылықпен айналысқандар өнерді жоғары бағалап, биікке ұмтылады. Біздің бүгінгі кейіпкерімізде сахна әлемінде өз өнерін шыңдаумен келеді.

qaztalov (4)

Балалық шағыңыз туралы білгіміз келеді. Өнерге деген ынтаңыз қалай басталды?

Бала кезімнен музыкаға, әнгеқ ұштарболдым. Кішкентайымнан анам домбыра шертіп үйретті. Әкем ән айтушы еді. Әкем баянда сүйемелдеп, мен ән айтатынмын. Қолыма ақорамалды ұстатып қойып, «Қыз Жібек» операсын айтқызатын.

Қыз Жібек енді келгенше,

Келін боп үйге енгенше.

Даяр етіп қоялық,

Салдырып сарай өзгеше...

qaztalov (1)

Мектеп қабырғасында ылғи осы әнді шырқайтынмын. Домбыра үйірмесіне қатыстым. «Балдырған», «Жас қанат» сындыән байқауларынан қалмайтынмын. Жарыстарға қатысқан сайын жетіле түсіп, ән айтуды тоқтатқан емеспін. Мектепті бітірген соң2000-2004 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің музыка факультетіне оқуға түстім.Негізгі аспабым – баян. Мендіғаным Нағимова апайым баяннан сабақ беріп, университет сахнасында ән айтып жүрдім. Үшінші курста оқып жүргенімде облыстық филармонияға әнші болып жұмысқа орналасып, бір жылдай тәжірибе жинақтадым. Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық музыка академиясын «Вокал өнері» мамандығы бойынша 2008 жылы аяқтадым. Осы жерден ұстазым, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртісі,профессор, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Омарбаевтан кәсіби вокалды үйрендім (вокалдан даусымды қойып берген сол кісі). Екінші курстан бастап Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрына хорға жұмысқа тұрып, бір жылдан соң «Қыз Жібек» операсынан Қыз Жібектің рөлін, «Қалқаман-Мамыр» операсынан Мамырдың рөлін, «Абай» операсынан Ажардың рөлін ойнадым. Үлкен сахнаға келуім осы жерден басталды.

Қай жанрға жаныңыз жақын? Жетістікке жету жолында көп еңбектенген шығарсыз.

Опера жанрына жақынмын. Ермек Серкебаев айтқандай: «Опера – музыканың шыңы». Өнер жолымда осы операны таңдадым. 2003 жылдан бері өнер сахнасында жүрмін. Опера әншісінің қызметі оңай емес. Бір партияны орындап шығудың өзі үлкен еңбекпен келеді. Осы жолда біраз жетістіктерге жеттім. Мысалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қорының,«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар байқау-фестивалінің ІІ сыйлығы, Халықаралық вокалшылар байқауының І сыйлығының лауреаты, 2017 жылы «Құрмет» орденінің иегері атандым. Мен үшін бұл үлкен марапат, үлкен жетістік деп білемін.

qaztalov (2)

Ән таңдауда кімнің көмегіне жүгінесіз?

Өзім кәсіби деңгейдегі әнші болғаннан кейін әнді өзім таңдаймын. Менің даусымды композиторлар біледі. Әнді таңдаған кезде дауыс ырғағыма сәйкестендіремін. Операда да дәл солай.

Оқырмандарымыз сіздің отбасыңыз туралы да білгісі келетіні сөзсіз. Тоқтала кетсеңіз.

Жолдасым Жанәділ Бейсембиев – балет әртісі. «Астана Опера» театрында бірге жұмыс жасаймыз. Таныстығымыз Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында басталды. Сол кезден бастап бірге жұмыстандық. Балам – Бекежан Ибраим. Ол да менің жолымды қуып келеді. Қазақ Ұлттық университетінің дарынды балаларға арналған мектебінің 4-сынып оқушысы.

Қиналған сәттеріңізде сізге демеу болатын жандар туралы айтып беріңізші.

Өнер жолы – ауыр жол. Қиналған сәттерімде ең алдымен анаммен, сіңліммен және жолдасыммен ақылдасып, жеңіп шығуға тырысамын. Ең әуелі мені қолдайтын ол – отбасым.

Туған жеріңізге келіп тұрасыз ба? Жеке концертіңізді беру жоспарыңызда бар ма?

Туған жерім Қазталов ауданы Бостандық ауылы. 2015 жылы алғаш рет «Туған жерге сәлем» атты концертімді қойдым. 2018 жылы облыстық филармониядағы әріптестеріммен бірге ауылға келіп, өнерімізді ұсындық. Алла сәтін салса туған жерімде тағы да жеке концертімді беру ойымда бар.

qaztalov (3)

Болашақ жоспарларыңыз қандай?

Қытай елінде өтетін EXPO аясындағы Қытай әлемдік музыкалық фестиваліне бара жатырмын. Сол жерде «Құрманғазы» оркестрімен концерт береміз. Содан соң Тәуелсіздікке арналған Қытай Республикасындағы Қазақ елшілігінде мерекеге сай концерт ұсынамыз. Опералар қойылады. (Басты рөлді сомдаймын). Сапардан келген соң күйші Әсекең Тұрысбековтің Алматы қаласында өтетін жеке концертіне қатысамын. Бұл алдағы айдың жоспары. Жұмыстағы күнделікті концерттер мен опера тағы бар. Барлық жоспарлар бірте-бірте уақытымен орындалады деген сенімдемін.

P.S.Кейіпкерімізбен әсерлі сұқбат болды. Балаң арманыбиікке қол созуына үлкен үміт пен мол сенім сыйлады. Әрине, өнер адамы болу оңай емес. Түрлі қиындықтармен қатар қызықты оқиғаларда кездеседі. Ең мықтылар ғана тайсалмай, қиындыққа қарсы тұрады.

Өз өлкемізден шыққан өнерлі жерлестеріміз – біздің мақтанышымыз.

сұхбаттасқан Диана Бақсық

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале