18.09.2018, 10:00
Оқылды: 37

Бруцеллездің ушығуына не себеп?

Зеленов ауданында бруцеллезге шалдыққан мал саны артып отыр. Биыл 8 айдың өзінде 605 бас мүйізді ірі қара мен 33 бас ұсақ малдың ауруға шалдыққандығы белгілі болды. Бұл туралы аудандық ветеринарлық станция директоры Ринат Ескендіров мәлімдеді.

zelenov burclez (5)

Ауданның бас ветеринарының айтуынша, биыл көрсеткіш жылдағыдан әлдеқайда жоғары. Мысалы, 2016 жылы бруцеллез 421 бас ірі қарадан анықталған болса, 2017 жылы бұл ауруға 610 бас шалдыққан.

Бүгінгі таңда ең көп мал ауруы анықталған ауыл – Янайкин. Ауылдың 194 бас ірі қарасы бруцеллезге шалдыққан. Одан кейінгі Железнов ауылдық округінде 106 бас мал ауру болып шықса, жағымсыз статистиканың үштігін ауру 57 бас мал анықталған Көшім мен Махамбет ауылдары түйіндеп отыр.

Осы күрделі мәселені талқылаған жиын Янайкин ауылында өтті. Оған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология лабораториясының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров, аудандық ветеринарлық станция директоры Ринат Ескендіров, аудандық аумақтық ветеринарлық инспекция басшысы Жұмабек Уталимов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен ветеринар дәрігерлер, ауыл тұрғындары қатысты.

Бұрын соңды болмаған бруцеллез ауруы анықталған ауыл тұрғындарына мамандар аурудың осыншалық көп болуының негізгі себептерін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, малдың қараусыз қалуы мен бақылаусыз көшіп-қонуы, кей ауыл тұрғындары көрші аудандар мен басқа елді мекендерден сатып алған малдарын уақытында арнайы орындарға хабарламай, міндетті ветеринарлық-профилактикалық шараларды өткізбей, бағымға қосуы бруцеллездің өршуіне себеп болады. Ветеринарлық талаптар бойынша сырттан келген мал міндетті түрде тексеріліп, барлық құжаттары реттелуі тиіс.

Мал ауруы анықталған мал иелерінің қора-қопсыларына санитарлық тазарту жұмыстарының жүргізілмеуі мен сиыр малының іш тастағанын жасыру фактілері де аурудың ушығуына себеп болады. Ауылдағы мал дәрігерінің аз екендігін алға тартқан тұрғындар мал ауруын анықтайтын, қайта қан алу шараларының тегін жүргізілуін сұрады.

Негізінен күнкөрісін мал шаруашылығымен байланыстыратын ауылда екі мыңнан астам ірі қара бар. Оның барлығын тексеріп, қанын алу екі мал дәрігерінің мойнында. Бұл расымен де аздық етеді. Дегенмен кейбір тұрғындардың санитарлық тазалыққа немқұрайлы қарайтындығы да бар. Мысалы, ауру шыққан аула иелері науқас малынан құтылған соң міндетті түрде жүргізілуі керек дезинфекция жұмыстарының қажет екендігін ескере бермейді. Сондай-ақ өз міндеттерін атқаруға келген мал дәрігерлерін ауласына кіргізбей, қан тапсырудан бас тартып жүрген тұрғындар да кездеседі. Бұл азаматтар Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес ветеринар мамандардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргендері үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу қарастырылғанын ескеруі тиіс. Бұл жайт қайталанған жағдайда айыппұл 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды.

Жиын соңында профессор Ғайса Ғарапұлы жиналғандарға бруцеллез ауруын дер кезінде анықтамау салдары мен оның алдын алмау қандай кеселге алып келетіні жайында бейнероликтер көрсетіп, тұрғындарды мал ауруына немқұрайлы қарамауға шақырды.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале