8.02.2017, 19:17
Оқылды: 66

Бүгінде мәселенің мәні өзгерді

Syrym esepСырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтің қорытынды есеп беру жиналысына Батыс Қазақстан облысының басшысы Алтай Көлгінов, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Махсудхан Әбләзімов, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Жасұлан Жұмашев және облыстық басқармалардың өкілдері мен кәсіпорын басшылары, аудан тұрғындары қатысты.


Есептік жиында тұрғындар ортаға салған мәселелер аз болмады. Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан елді мекенінің электр желілерінің жиі үзілуі мәселесі көтерілді. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бірінші кезекте Қоңыр, Тамды, Қазақстан, Қызылағаш, Қарақұдық, Көгеріс, Талдыбұлақ елді мекендері бағытындағы электр желілерді жөндеу жұмыстарына 5,6 млн. теңге қаржы жоспарланып отырғанын айтты.

Syrym esep3Ақсай – Жымпиты бағытындағы ауданаралық жолды күтіп ұстау жөніндегі сауалға жауап берген облыс әкімі Алтай Көлгінов мәселенің шешімін табатынына уәде берді.

Жылдан-жылға маңызы да, әлеуеті де артып келе жатқан Сырым колледжінің базасын кеңейту, жатақханасын үлкейту, дербес спорт залын салу қажеттігі туралы сауалды әкімдер де қолдап отыр. Осы жылы шешілмегенмен, мәселе күн тәртібінен түспейді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Елбасының тегін кәсіптік-техникалық білім беруді ұйымдастыру үшін биыл облыста 70 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалатын көрінеді.

Сонымен қатар аудандағы қоғам белсенділері Сырым орта мектебін жөндеуден өткізу, дала реформаторы, батыр Сырым Датұлына арналған аудан орталығындағы ескерткішті жаңарту, Тоғанас ауылына кіреберіс жолды жөндеу, «Қарасу» ықшам ауданынан балабақша, Қособада Мәдениет үйін салу, аудан мектептерін қысқы спорт түрлеріне арналған спорттық жабдықтармен қамту мәселелерін көтерді.

Syrym esep (1)Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл мәселелердің бәрі де жоспарда тұрғандығын жеткізді.

Көтерілген сауалдар туралы өзінің сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те талдап, саралап айтып өтті.

- Бүгінгі күні ауылдың мәселесі өзгерді. Бұрын халық азық-түлік, жалақы мәселелерін көтеретін еді. Кейінгі жылдары - көгілдір отын, жол мәселесі. Ал қазір ше? Қазіргі халықтың көтеретін мәселесі – рухани құндылық, сапалы ұялы байланыс, жоғары жылдамдықта жұмыс жасайтын интернет. Халықтың әлеуметтік мәселелері жылма-жыл шешімін тауып келе жатыр. «Шүкір!» дейтін жағдай бар, – деді облыс басшысы.

Бауыржан Ширмеденұлы

Сырым ауданы

Фото Айбатыр Нұраш

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале