26.05.2020, 10:45
Оқылды: 116

Бұйымдар жасаймыз, бөдене де өсіреміз

Бүгінде «жұмыс жоқ» деп сылтаулатып, сенделіп жүрген жастар көп. Ашық аспан астында аяқ-қолы сау, күш-жігері тасып тұрған жастардың жұмыссыздар санын көбейтуі алаңдатады. Осындайда әр істің қиюын келтіріп, кәсібін – нәсіп етіп отырған еңбекқор жастарды көргенде іштей риза боласың.

Киелі кәсіпті игерген

Қолөнер шебері Елдос Сағадетовтың қолдан жасаған бұйымдары тек аудан ғана емес, әр өңір тұрғындарының сұранысына ие. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал тегін айтылмаған. Ұсталық Жаратқаннан берілген өнер. Атадан балаға даритын шеберлік қасиет. Жерлесіміз Елдос - Ұзынкөл ауылының тумасы. Кішкентайынан қолөнерге қызығушылық танытады.

-Әкем Базарбай шебер адам. Қолынан бәрі келеді. Құрылыс, қолөнер, көлік жөндеу сынды әртүрлі жұмысқа қолы епсекті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, көбін сол кісінің қасында жүріп үйрендім. Мектептегі технология пәнінен сабақ берген ұстазым Ақылбек ағай ағашпен жұмыс істеуді үйретті. Қолөнерге деген құштарлығым мені М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік  университетінің «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығын таңдауыма себепші болды. Аталмыш оқу орнына грант негізінде түстім. Әкемнің ағасы қаладағы белгілі ұсталардың бірі, домбыра жасаудың хас шебері Сансызбай атамның үйінде жатып, оқыдым. Атама көмектесіп жүріп, домбыра жасаудың қыр-сырын үйрендім. Екінші курста оқып жүріп, кәсіппен айналысатын бір ұстаның шеберханасында көмекші боп қосымша жұмыс жасадым. Екі жылдай жұмыс жасап жүріп ол кісіден астау жасауды үйрендім. 2015 жылы қолыма диплом тиген соң Жәнібекке келдім. Мұнда мектептен тыс жұмыстар орталығына қосымша білім беру педагогі болып жұмысқа орналастым. Қазір де осында қызмет атқарамын, үйірме жетекшісімін. Ауданда 2019 жылы «Jas prodjekt», жобасына қатысып, миллион теңге грантқа ие болдым. Алған ақшаға циркулярлы, лазерлі, үстелді жону білдектерін алдым. Алғашқы алты айда тұрмысы төмен отбасыларға арнап бұйымдар жасадық. Бұған достарым қол ұшын созды. Қазір де шағын кәсіппен ағамыз екеуміз бірге айналысамыз. Әкем де көмектеседі. Қайың ағашын арнайы тапсырыспен Астанадан алдыртамын. Бүгінде өз қолымызбен бесіктер, ас үйге арналған астау, тақтайша, оқтау, әртүрлі сувенирлер жасаймыз. Ағам әлеуметтік желіде инстаграм парақшасын жүргізіп, өнімдерімізді салып отырады. Тапсырыс қабылдайды. Астана, Алматы, басқа да облыстардан сұраныс бар. Пошта арқылы жеткізіп береді,-дейді жас ұста.

CB742E06-7C78-4A63-A960-D6E3E4A28A55

Елдостың мақсаты айқын. Кәсібін кеңейтіп, халықты тұрмысқа қажетті, бағасы қолжетімді экоөнімдермен қуанту. Жалынды жастың өнері, күш-жігері, еңбекқорлығы мен  ұшқыр қиялы оны талай биікке жетелері анық.

Ескінің орнына −жаңа дүние

Еңбексүйгіштік қасиетті жәнібектік Еділ Қабдоловтың бойынан да көруге болады. Жастайынан қолөнерге бейім ол құрастыру, тұрмыстық заттарды қолдан жасағанды ұнатқан. Бір қызығы Елдос сияқты Еділ де студент кезінде жездесімен бірге жиһаз дайындайтын цехта қосымша жұмыс істейді. Алғашында жүк тасымалдау үшін жұмысқа қабылданған студенттің икемін байқап қалған цех басшысы оны көмекші мастер етеді.

4627DC8E-DF0D-4B07-97FB-7F94D4564406

-Цехта жұмыс істеп жүріп, жиһаз жасаудың қыр-сырын үйрендім. Қосымша ақша табамын деп жүргенде біраз тәжірибе жинақтадым. Ағаштан жасалатын үй жиһаздарын жасаудан ләззат алатынмын. Туған жер төсіне оралған соң шекара бөлімінде 5 жылдай қызмет еттім. Алайда қолөнерді қайтадан қолға алғым келді. Жеке кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Бүгінде аудан әкімдігі арнайы орын берді. Әзірше ескірген жиһаздарды реставрация жасаймын. Дәлірек айтсам, ескі дүниелерді жаңғыртып, қалпына келтіремін. Көліктің ішкі салонын қаптайтын тыс тігемін. Аудан орталығынан, ауылдық округтерден, көршілес Палласовка ауданынан тапсырыстар көптеп түседі. Орал қаласындағы жиһаз материалдарына арналған дүкеннен маталар алдырамын. Алдағы уақытта шкаф, үстел секілді корпустық жиһаз жасауды қолға аламын. Осыған орай, жоғары сапалы станоктар саудалауды жоспарлап отырмын,- дейді ол. Айтпақшы, Еділ ауданда бастапқы сынын жоғалтқан дүниелерді қалпына келтіруді қолға алған алғашқы шеберлердің қатарында.

Үйінің алдына жылыжай салды

Жәнібек ауылының тұрғыны Ерлан Мәмбетов жас та болса, жұмыссызбын деп қол қусырып отырған емес. Ол 2019 жылы «Jas prodjekt» жобасынан 1 миллион теңге грант ұтып алады. Көптен көкейін мазалап жүрген жылыжай орнын салуды бастайды. Көкөніс өсіруге қызыққан жігіт үйінің алдынан поликарбонат материалынан бірден екі жылыжай салып, қияр, пияз, қызанақ, сәбіз егеді.

3BB9F092-BC3D-414B-837E-1378332B6E40

- Шымкент қаласынан арнайы көкөніс дәнін әкелдім. Жылыжайды жабдықтауға материалдар, мотор, шланга алдым. Былтыр алғашқы өнімім жақсы шықты. Жобаның шарты бойынша былтыр алты ай бойы тұрмысы төмен, көпбалалы 16 отбасыға көмектестік. Жылыжай жасап, көкөніс егуден тәжірибе жинадым. Әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың.  Еккен көкөністерімнің шығымы жақсы. Алда жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту ойда бар. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой,-дейді Ерлан.

Орда бұзар отызға келген Ерлан көпбалалы әке. Төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Жұбайы да жұмыссыз. Балаларын жан-жақты қамтамасыз ету үшін тынымсыз еңбек ететінін айтады.

-Бөдене шаруашылығын қолға алдым. Ең әуелі инкубатор сатып алып, оның көмегі арқылы инкубациялық әдіспен жұмыртқа шығардық. Кәсібімнің бастамасы ғой. Әзірше бөденелерді аулада асыраумен шектеліп отырмын. Бөдене жұмыртқаларында бірегей, толыққанды аққуыз көп болады. Дәрумендердің түр-түріне бай. Адамдарға мықты денсаулықтың кепілі болу үшін пайдалы жұмыспен айналысу керек,- деген ниетпен осы кәсіпті де бастадым. -дейді ол.

Бүгінде кәсіптің қай түріне болса да мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Тек ерінбейтін еңбек, жалықпайтын іскерлік болса болғаны. Сүйікті кәсіптен нәсіп тапқанға не жетсін?!

Әсемгүл Әбділдақызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале