29.12.2017, 13:45
Оқылды: 46

Бұлдыртыда 10 тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін Бұлдырты ауылдық округінің орталығынан 10 бір пәтерлі жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілді. Құны 56,5 млн. теңгені құрайтын құрылыс жобасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отыр.

Жаңа тұрғын үйлер кезектілік тәртібі бойынша Бұлдырты ауылдық округінің ата-анасының қамқорлығынан ерте қалған, мүмкіндігі шектеулі және бюджеттік салада қызмет жасайтын тұрғындарына берілді.  Тағы бір қуантарлық жаңалық, бүгін осыған дейін апатты жағдайдағы тұрғын үйде тұрып келген 5 бірдей жанұя жаңа тұрғын үйге ие болды. Тұрғын үйдің кілттерін иелеріне салтанатты түрде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев тапсырды.

Мердігер «Өтеш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ақболат Ізболатовтың айтуынша, үйлердің құрылысы өзінің тиісті уақытында аяқталған. Бір пәтердің жалпы ауданы 70,8 шаршы метр. Үйлер тегістей инженерлік-коммуникациялық және коммуналдық жүйелерге қосылған. Бұл үйлердің құрылыс жұмыстары басталғанға дейін С.Датұлы көшесіне 20 үйге арналған инженерлік-коммуникациялық желі жеткізілген болатын. Қазірдің өзінде осы көшеден өзінің жеке тұрғын үйінің құрылысына кірісуге 10 азамат ниет білдіріп отыр. Ауылдағы құрылыс қарқынының артуын өңірлердегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігімен байланыстырар едік.

Бұлдырты ауылдық округі халқының тығыздығы жағынан аудан орталығы Жымпитыдан кейін тұр. Округтің осы артықшылығы біраз игілікке себеп болуда. Былтырғы жылы округ орталығын Самара-Шымкент халықаралық күре жолымен жалғайтын 12 шақырымды құрайтын автокөлік жолы қайта төселді. 2018 жылы 280 млн. 607 мың теңгеге Бұлдырты ауылында жаңа ауыз су құбыры жүргізіледі. Осыған дейін келесі жылдан бастап округ өзінің дербес бюджетіне ие болатынын да айтқан болатынбыз.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале