30.01.2018, 11:01
Оқылды: 83

Бұлдыртыға жаңа спорт кешені керек

Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінің орталығында ауыл жастары мен зиялы қауымы үшін жиналыс өтті.

Жиналыста өңір спорты да кеңірек сөз болды. Бокстан БҚО аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиев Бұлдырты ауылынан бокс үйірмесін ашуға ұсыныс білдірді. Айта кетейік, бокс үйірмелері қазіргі күні Сырым ауданының орталығы Жымпиты мен ауданға қарасты Жетікөл ауылдық округінің орталығында жұмыс жасайды.

Самбодан төрт дүркін Әлем чемпионы Ерболат Байбатыров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудың бір жолы – ұлттық спортты дамыту деген ойда. Бүгінде ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спор мектебі директорының орынбасары қызметіндегі чемпион ағамыз асық ойынын насихаттауға ден қойған екен. Айтуынша, бүгінгі күні асық спорты бойынша да спорттық дәрежелер алуға болады.

Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиев ауыл спортын дамыту туралы ойын айтып, Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның алдына Бұлдырты ауылынан спорт кешенін салу туралы депутаттық сауалын қойды.

Бұлдыртыға спорт кешені шынымен керек. Себебі, аудандағы еркін күрестің жалғыз мектебі осы округте ғана бар. Жас палуандар жаттығатын интернат ғимаратының астындағы жаттығу бөлмесінің азып тұрғанына да біраз жыл болды. Руслан Бекжановтың шәкірттері оған қарап жатқан жоқ. Залдары ескі болса да, нәтижелері жыл сайын жаңарған үстіне жаңару түсуде. Өткен жылдың аяқ шенінде Төлеген Құрашев ауылдан облыстық авиация спорты бойынша балалар мен жасөспірімдердің техникалық мектебінің ерлер мен әйелдерге арналған қол күресі бөлімін ашты. Үйірмеде 30 бала жаттығады. Алғашқы нәтижелер көңіл қуантарлық. Үйірменің екі қатысушысы айналдырған екі айдың ішінде армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткер болып үлгерді. Округте спорттың дамуы жақсы. Бірақ бір жаңа ғимаратқа орталықтанғаны одан да жақсы еді. Бұлдыртылықтар соны қалайды. Басқарма басшысы құзіретінің жеткен жеріне дейін қолдауға уәдесін берді.

Бүгінгі күні Жымпитыдағы спорт кешенінің ғимараты да күрделі жөндеуден өтейінші деп қолын көтеріп тұр. Аудан үшін ол мәселенің де оң шешім тапқаны жақсы. Осы және аудан спорты төңірегіндегі басқа да мәселелер бойынша Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева түстен кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале