2.10.2018, 12:20
Оқылды: 138

Бумакөлдіктер 90 жылдық мерейтойын тойлады

Бөрлі ауданы Бумакөл ауылының 90 жылдығы аталып өтілді. Дүбірлі той ауылдың кіре берісіндегі ашық алаңқайда өтті.

IMG_8312

Тұрғындарды мерейтоймен құттықтаған ауыл әкімі Жанар Жұмашева ауылдың ғасырға жуық тарихымен бірге жасап келе жатқан 90 жастағы қария Төлеген Қасымұлы Баубековты арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Елге сыйлы, жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай өмірімен гауhар тойға жеткен Кәкім ата мен Үміт әжені, алтын той иелері Банцеевтар отбасын, оған қоса ауыл өмірімен бірге жасап, еңбек майданында қайнаған бірқатар еңбек ардагерлеріне де алғыс білдіріп, ескерткіш сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, туған жеріне қашанда бүйрегі бұрып тұратын Рафхат Әділгерейұлы мен Асхат Таменовке алғыс білдірді.

Мерейтойға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардақты ардагерлері мен мекеме басшылары және ауыл қонақтары келді. Аудандық мәслихат хатшысы Ә.Құлекешев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл әкіміне алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Жан-жақтан келген қонақтар өз кезегімен сахна төріне көтеріліп, ізгі тілектерін жеткізді.

Атаулы күн спорттық ойын мен ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарысқа жалғасты. Желаяқ жастар жаяу жүгіруде дес бермесе, ұзақтығы 10 айналымнан 8 шақырымға созылған «Аламан» бәйгеде де шабандоздар шашасына шаң жұқтырмады. Таңдаулы тұлпарлар қатысқан аламан бәйгеде С.Төлегеновтың жүйрігі оза шауып бәйге алды. Алаңға жиналған қалың халық аударыспақ, жамбы ату, қой, бағлан көтеру ойындарына куә болды.

Қорытынды бойынша жүгіруден А.Бекмағанбетова мен Ә. Амангелді алға шықса, аударыспақта 80 келіден жоғары А.Балпанов, ал қой көтеру мен бағлан көтеруде И.Мұқашев және А.Сабиров 1 орын алып, қой мен бағланды қанжығаға байлады. Ауыл жігіттерінің мергендігі сыналған жамбы ату ойынында  Б.Мүстиев үздік мерген атанды. Барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сәнім МЕҢДІБАЙ,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

IMG_8402

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале