12.10.2017, 16:57
Оқылды: 18

Чапаево-Жалпақтал-Қазталов күрежолының 35 шақырымы жөнделеді

Taskala tas jol11 қазан күні Қазталов ауылдық округіне қарасты Сексенбаев, Бозоба, Қоныс және Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Беспішен, Мереке елді мекендерінде аудан әкімдігінің ашық есік күні өтті.

Ашық есік күнінде аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауылдық округ әкімдері, кейбір салалық мекеме басшылары ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұысыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Кездесуде алдымен ауылдық округ әкімдері тоғыз айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Тұрғындармен кездесуде сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданда атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап өтті.

Биыл ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 6 ауылдық округ таза сумен қамтылды. Сонымен қатар аудан орталығынан 100 орындық жаңа интернат салынса, 1 мектеп және 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Қазталов ауылынан саз мектебін салуға қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталмақшы.

Жол жөндеу жұмыстары да қалыпты  жүргізілуде. Биыл Чапаево-Жалпақтал-Қазталов күрежолының 12 шақырымы жөнделіп біте келсе, келесі жылы қалған 35 шақырымы жөнделетін болады. Сексенбаев және Жұлдыз ауылдары тұсынан 2 су қоймасын салуды да жоспарлаудамыз. Осылармен бірге Киров-Шежін каналы да іске қосылса, ауданда су тапшылығы мәселесі біраз шешімін табар еді.

Сонымен қатар  ауыл шаруашылығы бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 590 шаруа қожалығының 290-ы түрлі бағдарламаларға қатысып, субсидияға қол жеткізіп отырса,  21 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, олар да тиісінше жұмыстануда, -деді.

Кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, Сексенбаев ауылының тұрғындарын бастауыш мектепті жапқызбай ұстап қалу, жолдарды көтеру сынды мәселелер мазаласа, бозобалықтар көшелердің жарықтандырылуы, ауыл ішіне грейдер жол қажеттегі, ал Қоныс ауылының тұрғындары мал ішетін судың тапшылығы, ауыз су бағасының өспей, бірқалыпты қалуы, малдардағы бруцеллез ауруы, пошта қызметі сынды мәселелерді көтерді.

Беспішен ауылында болған кездесуде тұрғындар бөгет тазалау, құдық қазу сынды қиындықтармен қатар газ кіргізу кезінде кездескен кедергілер жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар беспішендіктер ауылдық клубтың қажеттігі, көшелердің тазалығы, жарықтандыру туралы сұрақтар да қойса, Мереке ауылының тұрғындары ауылдық медициналық пунктке фельдшер маманының жоқтығын, қыста жол қатынасының қиындығын тілге тиек етті.

Осы және басқа да сұрақтарға аудан әкімі Абат Абайұлы және салалық мекеме басшылары тиісті жауаптар қайтарып, айтылған мәселелердің шешімін табуға жұмыстанатындарын жеткізді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале