17.06.2020, 16:42
Оқылды: 83

COVID-19: Бөкей ордада бесінші науқас тіркелді

Маусымның 16-сы күні Бөкей ордасы ауданында індет жұқтырған бесінші азамат тіркелді. Осы туралы және шекара асып келген дертке қарсы алынған басқа да шаралар хақында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова толық түсінік берді.

Covid-19

- Иә, ауданымызда, нақтырақ айтсақ, тек Сайқын ауылында бүгінгі таңда Covid-19 дертіне шалдыққан 5 азаматымыз бар. Оның үшеуінің денсаулығында ешқандай өзгеріс байқалмаса, екеуінде дене қызуы, тамақ ісінуі сынды асқынулар болды. Зерттеу нәтижесі анықталған науқастар, яғни ауруды еш сипаттамасыз өткеріп жүргендер үй карантиніне алынғанынан жұртшылық хабардар. Олар медицина қызметкерлерінің сырттай бақылауында. Айталық, зерттеу қорытындысы екі рет теріс нәтиже берсе, бұл азаматтарға жұмысқа, басқа да жерлерге баруға рұқсат беріледі. Ал денсаулығында өзгеріс айқын байқалған екі бөкейліктің бірі Орал қаласындағы арнайы ауруханаға жеткізілсе, 1955 жылғы соңғы науқас Ақжайықта ашылған инфекциялық ауруханаға жолданды. Реті келген соң алғашқы науқасымыздың қазіргі халі қалыпты екенін айта кетелік.

Ауданымыздағы карантиндік режимге келер болса, 15 маусымнан бастап бұл режим алынып тасталды. Алайда көптеген шектеу өзгеріссіз қалды. Дүкендерге бару, тұмша тағу тәртібі де осылардың қатарында. Режим өзгергендіктен түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, 16 маусымнан балабақшалар жұмысын бастады. Тек топ балалары түгел бара алмайды. Әр топқа 15 тәрбиеленуші ғана қабылданады. Ал жазғы лагерьлерді ашуға мүлдем рұқсат берілмеді. Көпшілік көп баратын баратын ғимараттардың бірі аурухана болса, ол өз жұмысын тәртіпке сай жалғастыра береді. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі 10.00-18.00 аралығында жүзеге асырылады. Оған да алдын ала жазылу жүргізіледі. Онлайн өтінімдер берілетін жағдай болса, мүмкіндігінше сол қашықтықтан көрсетілетін қызметті пайдаланған жөн.

Тойхана қызметіне қойылған шектеу алынған жоқ. Яғни адам көп жиналатын жиындардан өз денсаулығымыз үшін бас тарта тұруға тура келеді. Тек тойханаларға ғана емес, 20-30 адамнан көп жиналатын отбасылық жиындардан да, садақа, қонақтықтан да алшақ болған абзал, – дейді бас санитар.

Ауданымыз екі жақтан Ресей елімен шекараласып тұр. Есіңізге сала кетейік, елде төтенше жағдай жарияланғанда бұл шекаралар жабылған болатын. Әзірге оларды ашу туралы ешқандай әңгіме көтеріліп жатқан жоқ. Ал облыс орталығына, өзге аудан, облысқа баруға еш кедергі болмайды. Ешқандай анықтамалар талап етілмейді. Талап біреу, ол –  тазалықты сақтап, гигиеналық қорғану құралдарын қолдануды ұмытпау қажет. Жақындарың үшін өзіңді оқшаулау маңызды, – деді басқарма басшысы.

Раушан Бақытова

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале