10.10.2018, 13:33
Оқылды: 64

«Дала дидары» - Жаңақалада

Облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен...» жобасы аясындағы «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы кезекті концерттік бағдарламасымен Жаңақала ауданында болды.

IMG_9058

         Былтырғы жылы қолға алынған бағдарламаның түпкі мақсаты -Қадыр ақын шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау. Айта кетсек, жобаға жетекшілік етуші танымал ақын Бауыржан Халиолла. Құрылғанына аз уақыт болған ұжым облыс аудандарымен қатар, республикамыздың Атырау, Маңғыстау облыстары және Алматы, Астана қалаларында да өз өнерлерін көрсетіп үлгерді.

         Киелі сахнаның шымылдығы ақын шығармашылығына арналған арнайы фильммен ашылды. Әдеби-сазды шараны жүргізген Эльдар Ихсанов  кеш барысында Қадыр ақынның ел арасында айтылған қағытпа-қалжыңдары мен қанатты сөздерін тілге тиек етіп, көрермендерді бірден баурап алды. Тағылым мен тәлімге толы кеште Ерлан Қуанышов, Гүлзада Ахметова ақын сөзіне жазылған «Кездер-ай», «Әже туралы ән», «Тамды аруы», "Інжу" тобы «Оралым, әнім сенсің шалқыған», Мейірхан Аюпов «Тамаша», «Өз елім», Нұртілеу Болат «Өлмейтіндер», «Кетем деуге болады», Нұржан Тасболатов «Сыған серенадасы» әндерін әуелете шырқап, халықтың құрмет-қошеметіне бөленді.

         Шарада қара сөздің қаймағын сапырған Қадыр ақынның өлеңдерін жерлесіміз, жас ақын Орынбек Меңдіқұлов жатқа оқып, кештің көркін келтіре түсті. Сондай-ақ, кеш тізгінін қолына алған Эльдар Ихсанов та ақын өлеңдерінің шығу тарихына терең тоқталып, ел ауызындағы афоризмдерінен әлсін-әлсін үзінді келтіріп, Қадыр ақынның философиясына елді ұйыта білді.

Кеш соңында аудан халқының атынан шынайы ризашылығын білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов аталмыш өнер ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, аудан әкімінің атынан алғыс хат табыс етті.

         Кеш жыр патшасы Қадыр Мырза Әли мен жерлес композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале