10.07.2020, 10:30
Оқылды: 446

Дәрі-дәрмектің "жыры" Жаңақалада да бар

Дәл қазір әлем қорқыныш құрсауы мен үрей үстінде отыр. Бастапқыда «келісілген саясатқа» теңеген көпшіліктің бүгінде күмәні жойылып, сенімділігі беки түскен. Өйткені елдің тұрғындары мен экономикасын қоса жұтып жатқан пандемия сәт сайын құбылып, шырмауына түскендерді шыр айналдыруда. Тіпті карантин талаптарына күле қарап, жымысқы әрекетке барғандардың өзі жұқпалы індеттен басын алып қаша алмауда. Күдігі басым, сенімі аз адамдардың қағидасы қатаңдана түсті. Індеттің індеп бара жатқаны айқын көрінсе де, халық жаппай жұмысқа кірісіп, той-томалақ қуалап кетті. Нәтижесін сіз де, біз де көріп отырмыз. Көз алдымызда күліп жүрген адамдарды батпандап кірген кесел келместің кемесіне әкетіп жатыр.

98CABB6A-4E24-4DBD-A988-DAFB80E445FC

Ащы шындық. Дәл қазіргі уақытта дәріханаларда дәрі тапшы. Көпшілікті осы мәселе алаңдатып отыр.  Дертіне шипа іздеген тұрғындар дәріхананы күні бойы жағалап жүр. Бірақ іздеген дәрілерін таппай әлек. Аудан орталығындағы дәріханаларда ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ бағаның жоғарылауына байланысты тұрғындардан шағымдар жиілеп кетті. Тұрғындар бұл мәселені әлеуметтік желіде де ашына жазуда.

Біз де қарап отырмай «Жаңақалада дәрі қымбаттады ма?», «Аудан орталығында дәріден тапшылық бар ма?», «Қай дәрілер жетіспейді?» деген сауалдарға жауап іздеп, қолға қалам алдық.

5B24A565-AF46-4668-A12E-1A47A0B6D9CE

Жалпы, аудан орталығында 4 дәріхана бар. Ең алдымен соларды бір-бірлеп, мұқият зер салып аралап шықтық. Айта кетер жайт, дәріханалардың алдында дәрі іздеп, кезекте тұрған жандар өте көп екен. Бұл алдыңғы апта еді. Ал осы аптада дәріхана алдында кезек күткендердің қарасы тіптен көбейді. Сұрастыра келсек, тұрғындардың барлығы да дене қызуын түсіретін және вирусқа қарсы шипа болатын дәрі іздеп жүр. Алайда ондай препараттарды кез келген дәріханалардан табу бүгінде мұңға айналды. Сатушылар дәрінің тапшылығын сұраныстың көбеюінен деп түсіндіреді. Дәл осындай жағдай осыдан екі ай бұрын медициналық бетперденің жоқ болып кеткен кезінде де аңғарылған болатын. Салдарынан сұранысқа ие тауардың құны шарықтап, бір адамға санаулы бетперде сатылған еді. Алдағы уақытта сол жағдай қайталанбасына кім кепіл? Дәріханалардан керегін таппай, көше кезіп жүргендер қаншама? Ал аудандағы дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтылуына кім жауапты? Осы сынды сұрақтарымызды дәріхана фармацевттеріне тікелей қойған болатынбыз.

- Дәріханаларда қабынуға, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек жетіспейді. Қазір дәріханаға келушілер бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп. Дәрі жетіспейтіні рас. Облыс орталығында жоқ дәрілер біздің ауданда қайдан болсын. Өзіміз келісімшартқа отырған Орал қаласындағы қоймаларға дәріге тапсырыс береміз. Бірақ қоймаға келіп тұрған дәрілер ауданға келмей жатыр. Ең болмағанда дәрілерді аудандық ауруханаға жіберсе екен. Еміне шипа іздеген халыққа көмек болар еді, - дейді дәріхана фармацевті Ақбөпе Наурызғалиева. Аудан жұртшылығына кеңінен танымал «Талап» дәріханасының фармацевті біздің сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Дәрінің бағасын сұрағанымызда «дәріханада жоқ дәрінің бағасын айта алмаймын» деп қолын бір сілтеді. Ол кісінің бұл әрекетін дәл қазіргі дәрі тапшылығымен, қауырт жұмыс кезеңімен байланыстырдық. Дегенмен де фармацевттің нақты екі-үш сауалымызға жөнді жауап бермей, теріс айналғанын түсінбедік.

Аудандағы 4 дәріханада да парацетамол, ампицилин, ацетилсалицил қышқылы, цитрамон секілді дәрілермен қатар вирусқа қарсы антибиотиктер тапшы. Тапшы емес, жоқ деп айтуға да болады. Бар болған күннің өзінде бағасы удай қымбат. Онсыз да ел көкейін коронавирус инфекциясы туралы сан қырлы ақпарат тесіп тұрғанда, дәрінің тапшылығы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Байқап қарасақ, ауыл арасында ауруханаға бармай, жедел жәрдемге қоңырау шалмай жүргендер баршылық. Содан ба, халық алған дәрі-дәрмегінің құнын айтып, бір-бірімен білген ақыл-кеңесін бөлісуде. Соңғы кезде аудан халқы дәрі-дәрмек бағасының қымбат екенін айтып дабыл қағуда. Кеше 3 мыңға алған дәрісін бүгін 5 мың теңгеге алып жатқандарына күйінеді. Олар бағаға шектеу қоятын, халық үніне құлақ асатын Үкіметтен пәрмен күтеді.

Түйін

Пандемия ел тұрмысын тұралатты. Ал дәрі бағасының жайы «Ер Төстік» ертегісінен аумай барады. Күн санап емес, сағат санап өсіп жатыр. Бұған тоқтау қойып, шекті баға бекітетіндердің қарасы көрінбейді. Тек «қарастырамыз» бен «шектеу қоямыздың» арасындағы әңгіме. Сценарий осыдан бірнеше ай бұрынғы медициналық бетперде жетіспеу оқиғасына ұқсайды. Үкімет шара қолданбаса, дәріхана кезегінде тұрып-ақ вирус жұқтыруға болатын сыңайлы. Сол себепті де дәрі тапшылығының алдын алу жұмыстары атқарылмаса, арты қайырлы болайын деп тұрған жоқ. Жергілікті атқамінерлер осы жағдайға баса назар аударып, дәрі мәселесін жан-жақты реттеуі қажет деп есептейміз. Өйткені мемлекеттік бірінші байлығы халық емес пе?! Халықтың денсаулығы зор болса, бәрі ғажап болмақ.

Ақсәуле Сексенбайқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Нұржан Төлешов, Қызылоба ауылының тұрғыны:

- Мен Қызылоба ауылынан дәрі алуға келдім. Осымен үшінші дәріханаға келіп, кезегімді күтіп тұрмын. Парацетамол, басқа да ауруларға қарсы препараттарды таба алмадым. Ең болмағанда шприц жоқ. Бұл сұмдық қой. Осыған дейін бетперде іздедік, болмағасын қолдан жасап тіккенбіз. Енді дәрі болмаса қайтпекпіз? Халық тағы да бір дүрбелеңге түсетін болды.

 Ақтоты Қуанғалиева, ауыл тұрғыны:

- Қазір қауіпті вирустың селі халықтың өмірін қауіпке тіреді. Емханада орын жоқ. Халық қандай аурумен ауырып жатқанын да біле алмай күмәнға батты. Ел-жұрт үйінде өздігімен ем-дом жасап жатыр. Сол ем-домының өзіне керек дәрі-дәрмек дәріханада жоқ. Дәріханаға барсаң, ұзын-сонар кезек күтіп тұрасың. Күткен еңбегіңе іздеген дәрің болса жақсы. Елдегі жағдай ауыр. Осылай бола берсе, бұданда қиын жағдайға душар боламыз ба деп қорқамыз. Жасы егде тартқан кісілер, тіпті аздап денсаулығында кінәрат бар жастар да ажал құшуда.

 Ранида Төлешқалиева, ауыл тұрғыны:

- Өзім ауырып бастағасын аудандағы дәріханаларға бардым. Парацетамол, аспирин және тұмауға қарсы дәрілерді таппадым. Дәрілерді адамдар молынан алып кетіп жатыр. Дәрі тапшы. Онымен қоса дәрінің бағасы шарықтап тұр. Ауырып, емделуге мұқтаж болған жандар дәрі таба алмай сенделуде.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале