4.10.2019, 12:27
Оқылды: 166

Дариянда әлеуметтік қызметкерлер арасында облыстық спартакиада өтті

Бәйтерек ауданы Дариян ауылында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының арасында алғаш рет облыстық спартакиада өтті.

спар 1

Шараны БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Дариян арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастырды.

Оған БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Кулкаев және Орал қаласы, барлық аудандардағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының директорлары, қызмет алушылары қатысты.

Спартакиаданың ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының гимнімен басталды. Жиында алдымен сөз алған Алтай Кулкаев:

- Құрметті әріптестер, қонақтар, жарысқа қатысушылар! Алғаш рет арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының арасында спорттық шара өткелі тұр. Сондықтан да бәріне сенім арта отырып, белсенді, рухтарыңыз мықты болуға шақырамын. Осындай маңызы бар спорттық шараның өтуіне ұйытқы болып отырған Дариян арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымына ризашылығымды білдіремін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді.

спар 2

Барлығы 11 команда қатысқан бәсекеде жеңіске деген жігер танытқан спортшылар көрермендерге қызықты ойын көрсетті. Әйелдер арасында қол күресінен өткен жарыста 65 келі салмақта оралдық Н.Заболотная І орын, 65 келіден жоғары салмақта А.Әбілғазиева І орын, ерлер арасында 65 келі салмақта бөрлілік М.Абдрашев І орын, 75 келіден жоғары салмақта ақсайлық Д.Горбатов, 75 келі салмақта да  ақсайлық С.Кунденов І орын алды. Шахматтан оралдық Г.Айдарғалиева жеңімпаз атанды. Қол күресінің нәтижесі бойынша «Үздік спортшы» аталымы Б.Мұқамбетқалиеваға бұйырды.

Үстел теннисінде І орынды әйелдер арасында бөрлілік А.Қалиева, ерлерден оралдық А.Кириллин жеңімпаз боп танылды.

Ал волейболда Дариян командасы І орынды, ІІ орынды Казталов, ІІІ орынды Круглозерный командасы қанжығаларына байлады. Жалпы сайыс қорытындысы бойынша І орынды Круглозерный командасы, ІІ орынды Орал қарттар үйі командасы, ІІІ орынды Ақсай командасы жеңіп алды.

Гүлжан Аязбаева

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале