2.10.2017, 11:37
Оқылды: 27

Дархан Мыңбай: «Рухани жаңғыру – ортақ мүдде»

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқсы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай Зеленов ауданында болып, тұрғындармен жүздесті.


Алдымен Белес ауылына келген мейман Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламаларды жүзеге асыру үшін атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында аудан әкімі Асхат Шахаров округ деңгейінде жүргізілген жұмыстарды баяндаса, Белес ауылдық қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы, округтің медиаторы Адам Имашев, еңбек ардагері Галина Моругова, Белес мектебінің оқушысы, каратэден үш дүркін әлем чемпионы Аида Имақанова сөз алып, мақаладағы ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

Кейін аудан орталығындағы «Достық» мəдениет үйіне арнайы келген Дархан Қамзабекұлы мектептерде құрылған «Достық» клубтарының өнері мен шағын көрмесін тамашалап, этно-мəдени орталықтар жұмысымен танысты.

Халық бірлігі мен татулығын сақтауға бағытталған міндеттердің жүзеге асуына атсалысып отырған мəслихат депутаттары, округ əкімдері, қоғамдық келісім Кеңесі,  ардагерлер, əйелдер Кеңесінің, этно-мəдени бірлестіктер мүшелері мен медиаторлар қатысқан жиынды аудан әкімі Асхат Берлешұлы ашып, ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Дархан Қамзабекұлы ҚР халқы Ассамблеясының Елбасы Н.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстарын баяндап, аудандағы «Достық» үйінің жұмысына ризашылығын білдірді.

– Батыс Қазақстан облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қандай жұмыстар атқарылып жақтандығын көру мақсатымен келдім өңірге. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қоғамдық келісім кеңестері қолға алған жұмыстарды сараптап, белсенді, тиянақты атқарылған жұмыстарына көңілім толды. Зеленов ауданындағы «Достық» үйі туралы көп естіген едім. Бүгін өздеріңізбен жүздесудің сәті түсіп, тамаша әсер алдым. Аудан басшысы баяндағандай алда әлі де тың жобалар қолға алынатындығы қуантады. Біз бәріміз бірге әрекет ету арқылы мақсатқа жетеміз. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміздің бәрі бірліктің арқасында мүмкін болды. Осынау табысымызды еселеу мақсатында елімізде 1338 этно-мәдени бірлестік, 3 мыңға жуық қоғамдық келісім кеңестері, 2 мыңға жуық аналар кеңесі бар. Бұл тек құр көрсеткіш емес, Ассамблеяның бүкіл халықтың мүддесін қорғайтын ұйым екендігін көрсетеді. Ассамблеяға кейде біреулер жеңілдеу қарайды. Ассамблея - біздің әр алуандығымызды табысымызға айналдырған бірегей институт. Тарихқа зер салсақ, әр ұлттың, әр діннің құндылықтарын сақтаған елдер алға озған. Құндылық дегеніміз отбасынан басталады. Рухани жаңғыру – ортақ мүдде. Әр отбасында береке, тәрбие болса ғана елдігіміз мәңгілік болмақ, - деген ол елдің мəдени өркендеуіне, ынтымағының нығая түсуіне үлес қосып жүрген этно-мəдени бірлестік мүшелеріне шынайы алғысын білдірді.

Басқосуда сөз алған Көшім мектебінің директоры Валентина Леонтьева, Мичурин мектебі «Достық» клубының мүшесі Айымгүл Өтегенова, ауыл тұрғыны Роза Любавина сан ұлттың киелі мекеніне айналған қазақ даласының дархандығын мақтан тұтатындықтарын айтып, жаңғыру жолындағы игі бастамаларға үн қосуды азаматтық парыз санайтындықтарын жеткізді.

Жиын соңында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов өндірісі өркендеп, ырысы тасыған аудан халқына табысты еңбек тіледі.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Динара НАСЫР,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале