20.04.2018, 10:17
Оқылды: 79

Дәурен Жағыпаров - «Жаңақала барысы»

Жаңақала ауданында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» жарысына Жаңақала аудандық іріктеу турнирі аяқталды. Турнирді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Байрақты бәсекеде аудан орталығы мен ауылдық округтердің 6 палуаны бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов пен аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ж.Есекенов құттықтау сөз сөйледі. Олар палуандарға сәттілік тілеп, аудан атын асқақтатып, биік шыңдардан көрініп, жауырындарың жерге тимесін деген ізгі тілектерін білдірді. Жарыстың бас төрешісі Замир Батыров палуандарды таныстырып өткен соң, байрақты бәсеке бірден басталды.

Сонымен, үшінші орын үшін болған белдесуде жаңажолдық Табылғали Табылдиев Жаңақала ауылының палуаны Жасқанат Сыралиевті жеңіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал, ақтық бәсекеде Жаңажол ауылынан келген  Дәурен Жағыпаров пен №3 ЖОББҚМ-нің мұғалімі, жаңақалалық Ақжол Әділғалиев белдесті. Белдесу өте тартысты өтті. Алайда, қарсыласының ебін таба білген Д.Жағыпаров жеңімпаз атанып, облыстық жарысқа жолдаманы ұтып алды.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале