3.07.2020, 10:58
Оқылды: 522

Девичник: қызойнақ па, жынойнақ па?

Қазақ халқында ежелден қызойнақ деген дәстүр бар. Бұл аты айтып тұрғандай босаға аттағалы тұрған қыз торқалы тойдан бірер күн бұрын құрбыларының басын қосып жасайтын жиын. Алайда қазіргі таңда аталмыш басқосуды «қызойнақ» дегеннен гөрі «жынойнақ» деген әлдеқайда дұрыс па деп қаласың.
B78C0D0B-4B87-4AD2-B69D-E814D6780DE0
Себебі кербез қыздардың бұл бейресми басқосуы салт-дәстүрден гөрі батыстың үлгісімен өткізілетін «жынойнаққа» ұқсайды. Олай дейтініміз, қазақ дәстүрінің жұрнағы да қалмай бара жатыр. Бүгінгі қызойнақ бұрынғыдан өзгерек. Айырмашылығы жер мен көктей. Бұрында ұзатылғалы отырған қыз ата-анасының үйінде жақын құрбыларымен бірге ән шырқап, құпия-сырларымен бөлісіп, толғандырған түрлі тақырыптарда әңгіме-дүкен құрып, мәнді де мағыналы отырыс жасаған. Жеңгелері ұзатылғалы тұрған қызды жұбату үшін мұңлы әндер орындап, болашақ өміріне керек кеңестерін айтып отырған. Ал бүгінгі тілмен айтқанда «девичник» деп жүрген қыз-қырқынның жиынынан дәстүрді дәріптеудің нышаны да байқалмайды.

4B2333C3-F7DC-4E0F-985E-BBAB244938AF

Босаға аттап, келін атанғалы тұрған ибалы қыздың «бойдақтықпен» қоштасу кеші батыстың үлгісімен өткізілетінін әлеуметтік желіден де, былай да көріп жүрміз. Қазақылықтан ада кейбір қазақ қыздары көңілді кешті бастан-аяқ батыстың стилінде өткізуге құмар-ақ. Еуропаға еліктеген жастарымыз құрбылардың бас қосу жиынын қазақтың жөн-жоралғысымен өткізуге тіптен құлықсыз. Келін атанғалы тұрған қыздарымыз жақын құрбыларының басын қосып өткізетін басқосуды қазақтың иірімдеріне салып ұйымдастыруға ұяла ма, әлде батыстанып кеткенін мақтан көре ме? Ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір шетелдің киноларынан көргендерін жасап жүр. Бұрымдылар балалықпен қоштасу кешін өткізуде бірінен-бірі асып түсуге тырысатындарын да байқап жүрміз...

Нақтырақ айтсақ, қазіргі «қызойнақтың» жолы бөлек, жөні басқа. Өйткені бұрымдылардың дені қиялға, еркіндікке көбірек мән береді. Қыз-құрбылар белгілі бір стильде, мысалы, үсті-басына қына жағып, теңіз қарақшылары, үнді актрисалары, қуыршақтар әлемі, ертегі кейіпкерлері кейпінде киініп, ойда жүрген фантазиялық қимыл-әрекеттерін жүзеге асырады. Кейпіне енгендері қазақ ертегілерінің кейіпкерлері болса мейлі ғой. Үлгі ететіндері батыс мультфильмдерінің адам шошырлық қуыршақтары. Талғамға талас жоқ, әрине. Бірақ бұл сенің дәстүрің бе? Осыны бір сәт ойласа екен. Осының барлығы үйде, дастарқан басында «қызды қырық үйден тыйып» ұлттық салт-жоралғымызды күнделікті айтып отырмаудың нәтижесі. Тағы бір қынжылтатыны, қызойнақтың арақ-шараппен өткізілетінінде. «Көпке топырақ шашқанымыз» емес, бірақ мұндайлар да бар арамызда. Ал шарап ішкен соң қыздан ұят кетеді. Қызды-қыздымен нәзік жандырлар ерсі қылық жасап, өз абыройларын жоғалтары хақ. Сыра мен виноның буына елтіген дос-құрбылар ағынан жарылып, іштегі құпия пікірлерін, көрген-білгенін, естігенін ортаға салып, түрлі ойын-сауықпен таң атырады. Бұндай келеңсіз көріністер ұлттық тәрбиемізге қайшы емес пе? Негізі «Девичниктің» басым бөлігі ұзатылар қыздың үйінде өтетінін ескерсек, бұған жол беріп отырған ата-анасы не ойлайтыны белгісіз. Әлде, олар қызойнақтың түн жарымынан соң жынойнаққа айналып сала беретінін білмей ме екен? Жаңа өмірдің алдында қалыңдықтың жақын деген құрбыларын жинап, отырыс жасауында тұрған не бар дерсіз? Әрине, біреудің жеке өміріне араласып, ақыл айтудан әрі жөн сілтеуден аулақпыз. «Әдептен аспаған, арманға бастаған, жан-жағым дос құрбы, жан-жағым жақсы адам» деп көңілді кеш өткізу ерсі дүние емес. Десе де қаракөздеріміз ғұнның ғұрпын бұзбай, сақтың салтын сақтаса, ата-ананың үмітін ақтап, әуелгі әдептен аспаса екен деп тілейміз.

P.S. Қызойнақты да жөн-жосығымен өткізсе, ешкім қарсы болмайды. Тәуелсіздік бізге табандылықпен келді. Қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалатын кілт, ол - рухани дүниеміз. Сондықтан «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» кебін кимей, қолда бар байлығымыздың қадірін білейік. Әжелеріміз кезінде қызойнақ жасамай да ару күннен абыройлы келін, әз ана атағына жеткен жоқ па? Иә, қызойнақ туралы қаншама сөздерді тілге тиек етсек те, қаракөздеріміз құлақ аса қояр ма екен? Сіз қалай ойлайсыз, көзіқарақты оқырман?

Ақсәуле Сексенбайқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Раушан Туманова, Жаңақала колледжінің әдіскері:

- Бүгінгі таңда ұзатылатын қыз бойдақ кезімен қош айтысу үшін құрбыларымен басқосуы үрдіске айналып отыр. Үлкен өмірге, яғни жауапты қадамды жасар алдында сырлас-мұңдас құрбылармен басқосу өте орынды. Бір сәт өткен күнге саяхат жасап, қызықты да қайта оралмас сәттерді ой елегінен өткізесің. Жанашыр жандармен баянды болашақ жолындағы тұшымды ойлармен бөлісесің. Бірақ шектен шығып, әдептен асатындарға қарап бұл жайлы бір сәт ойланады екенсің. Басқосу үшін артық қаржы шашып, сән салтанатын келістіріп өткізуге қарсымын. Ең бастысы, қызойнақ  құрбылардың қалтқысыз көңілі үшін ұйымдастырылуы керек. Халал дастарқан үстінде бас қосып, ұзатылғалы отырған құрбысына жүрекжарды тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтарын тарту етіп мәдениетті демала білетін де қаракөздеріміз бар. Менің ойымша, достықты нығайта түсетін көңілді кештерді тек қана  дұрыс бағытта пайдалана білу керек.

 Ұлпан Наурызғалиева, мұғалім:

- Меніңше, «девичник» өткізгенде тұрған ештеңе жоқ. Құрбыларыммен бірге мен де тойладым. Ешқандай ерсі шоу, үндінің сариін кию, бір киноның кейіпкерлеріне еліктеп, солардың киім үлгісінде киіну деген рәсімдер болған жоқ. Құрбыларыммен ақылдасып бір түсті көйлек кидік. Мектеп, университетте бірге оқыған жақын құрбыларыммен караокеде ән салып, әңгімелесіп қайттық. Құрбымнан тойына бара алмайтын қыздар алдын ала сыйлықтарын сол жерде сыйлады. Мен үшін естен кетпес кеш болды. Қазір көбінесе, шоу бизнесте жүрген әнші, тележүргізушілерге еліктеп ерекше «девичниктер» жасау сәнге айналған болар. Қазіргі кезде ерекше бұрын-соңды болмаған шоу деп айтса да, бәрі батыста бұрыннан бар дүние. Сондықтан ешкімге жаңалық емес. Бүгінде біреуді таңғалдыру қиын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале