24.01.2020, 18:22
Оқылды: 97

Долин ауылында түйіткілді мәселе көп

Теректі ауданында әкімдердің есептік кездесулері жалғасуда. Долин селолық округінің әкімі Талғат Манатауов та халық алдында жылдық есебін берді.

terekti dolin (1)

Округ бойынша 24 кәсіпкер тіркелсе, ауыл шаруашылығымен айналысатындар саны – 57. Басымдық мал өсіруге, әсіресе, асыл тұқымды ірі қара басын көбейтуге берілген. Бұл жерде шаруашылықтарға мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен несиелердің пайдасы көп екені көрініп тұр.

Долин ауылы орталықтандырыған ауыз суды тұтынады. Ал шағын ауылдарға келсек, Қоныссай суды 2 шақырым, Шөптікөл 6 шақырым жерден тасымалдайы. Қазіргі күні округтегі ең басты мәселе – көгілдір отын. Кездесуде аудан әкімі Әділ Жоламановқа ауыл тұрғындарының бірінші сұрағы да осы газ жайы болды. Жылда айтылып келе жатқан бұл түйіткілдің тіні биыл да тарқатылар түрі байқалмайды. Дегенмен долиндіктер үшін жақсы хабар да бар – ауылдағы мектеп жанынан жаңа спорт алаңы салынбақ. Сондай-ақ кездесуде бірнеше жылдан жөндеу көрмеген мектеп ғимараты мен осындағы «Назерке» балабақшасын жаңартуға қажетті құжаттар дайын тұрғаны айтылды. Өз кезегінде ауыл үлкендері медициналық пункт, дәріхана, шаштараз қажет екендігін тілге тиек етсе, жастар жағы оншақты жылдан бос тұрған ғимаратты бір мақсатқа пайдалану керектігін айтты.

 Бұл мекендегі тағы бір проблема – малға судың тапшылығы. Бір жылдары ауыл маңында бес тоған болса, қазір содан халық «Свиньячи» деп атап кеткен жалғыз тоған қалыпты. Осы мәселені көтерген Наурызбай Атапкеловке аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов:

 - Бұл жағдайдан хабардармыз. Ең алдымен, Қараоба, Ащы сияқты ірі су қоймаларын ретке келтіріп алайық. Біртіндеп кезек шағын тоғандарға да жетеді,- деп жауап берді.

Есептік жиыннан соң аудан әкімі Әділ Жоламанов пен ауданнан келген түрлі сала басшылары  кейбір тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қабылдады.

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңізде

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале