20.05.2020, 16:40
Оқылды: 602

 Донеділге көңіл айту

 24E202DE-926A-4664-A380-DFBE21AB7302

Жалған өмір, жалған күн!

Жалғандығын дүниенің,

Біле тұра алдандым!

Қайран да менің ағам-ай,

Сарқыты болған салдардың,

Көзіндей болған шалдардың!

Сенің де туды басыңа,

Жағасына Жайықтың,

Жападан-жалғыз барған күн.

Ақ домбыраның аяулы,

Бір ішегі үзіліп қалған күн.

Қамшының сабы сынған күн,

Тамшы тасты жарған күн.

Гүлнар деген жеңгеміз,

Қолыңа қонған құс еді,

Арасынан шығып арманның!

 

Донеділ ағам тыңдашы,

Құлагерден айырылып,

Ер-тоқымын арқалап,

Ақан да қайтқан жиыннан.

Отыз ұлы өлгенде,

Сабыр етіп Дәуіт те,

Жол тапқан дейді қиыннан.

Қайырлы болсын қаза деп,

Қайғырып, көңіл айтады,

Жымпитыдағы жұртың жиылған!

Гүлнәр жеңгем гүл еді,

Өзіңе қарап бой түзеп,

Көзіңе қарап қиылған.

Ол – әннің мөлдір бұлағы,

Тарбағатай жақтан сылдырап,

Жүрегіңе құйылған!

Бекем бол, бекем, ағеке!

Аллаға жөн ғой сыйынған,

Алла ғой осы көктемге,

«Күрең күз» болуды бұйырған!

 Бауыржан Ширмединұлы

 Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале