21.11.2017, 12:15
Оқылды: 23

«Дүкендерде қант диабетіне шалдыққандарға арнайы бұрыш жасақталса екен»

г-811-2Бөкей Ордасы ауданы бойынша диабетке 171 адам шалдығып отыр. Бұл туралы дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай өткен шарада бас денсаулық сақшысы Әділгерей Ғаббас айтты.

Оның сөзінше, 80 жылдары ауданда «сусақ» атауымен танылған дертке шалдыққандар саны не бары 25 адам болған. Әрі одан сақтанудың бірден-бір жолы салауатты өмір салтын ұстану, табиғи өнімді пайдалану екенін баса айтты.

Ғалымдардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемде осындай диагноз жарты миллиард адамға қойылуы мүмкін екен. Дәрігер-эндокринолог Нәсіп Нүркенова бұл дертті уақытында анықтаудағы скринингтің роліне тоқталып, аурудың асқынуына әсер ететін факторлар мен оның белгілерін баяндады.

Жиында сайқындық Жібек Шәкіржанова қант диабетіне шалдыққандарға дүкендерде арнайы бұрыш жасақталса деген өтінішін білдірсе, Ескендір Қазиханов қажетті дәрі-дәрмекті мерзімінде ұсыну ісі үзілмеуін сұрады. Айта кетелік, кездесуге келген мекеме басшылары, қант диабеті ауруымен есепте тұрған ауылдық округ тұрғындары және мекеме, ұйым қызметкерлері аудандық аурухана психологтарының жетекшілігімен дертке тосқауыл болатын дене шынықтырумен шұғылдануды осы залдан-ақ бастап кетті.

Ал дәрігерлер нұсқауын қалтқысыз орындап, саулығына шағымданбаған бір топ науқас «Үздік пациент» атанып, емдеушісінің сый-сияпатына ие болды. Аудандық ауруханадағы қант диабеті мектебінен дәріс алғандарға да осы шарада арнайы сертификат табысталды. Әрі ақ халаттылар келушілердің қан қысымын өлшеп, холестерин, глюкоза мөлшерін анықтады.

Аталмыш дертке шалдыққандарға глюкометр, арнайы куәлік және бақылау күнделігі тегін үлестірілді. Қайырымды жандар фойеде орналасқан жәшікке қаражат салды, ол науқас жандардың қажетіне жұмсалмақ.

Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев осындай игі шараны ұйымдастырып жатқан аурухана ұжымының ісіне сәттілік тілеп, кез келген кеселдің алдын алу ғана оң нәтиже беретіндігін сөз етті.

Раушан БАҚЫТОВА

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале