15.12.2016, 18:55
Оқылды: 29

Еңбектері еленіп, алғысқа кенелді

elbasi-kuttyktaui-tikelei-efir              Дүбірлі де дүрбелең оқиғаға толы қазақ жері көптеген қиыншылықтарды өткерді. Ертең азаттықтың ақ таңына жиырма бес жыл толмақ. Атаулы күнге орай бүгін аудан орталығында мерекелік кеш өтті.


Көпшілік алдымен аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы, тәрбие жұмысы орталығы, жас суретшілердің, әр ауыл дайындаған көрмені тамашалады.

         Мерекелік жиында алдымен ҚР мемлекеттік Туы кіргізіліп, Гимн шырқалды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Кәрім Жақыпов:

-Тәуелсіздік күні - халқымызға ғасырлар бойы арман болған, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Бұл күн ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы күресі мен қайтпас табандылығы, түрлі сындар мен қатерлерде атой салған батырларымыздың маңдай тері, аналарымыздың көлдей көз жасымен келді.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатының арқасында ең алғаш Тәуелсіздік Декларациясын қабылдаған күннен сол кездегі ел басына төнген экономикалық, саяси, әлеуметтік қауіптерге қарамай өзіндік төл, ұлттық даму жолдарын қалыптастырды. Тәуелсіздік – біздің теңдесі жоқ жетістігіміз. Ұлан-ғайыр Ұлы даламызда ұлт пен ұлысты бір мақсатқа тоғыстыратын Тәуелсіз еліміз «Мәңгілік Ел» мұратына жетуді мақсат етіп отыр, - деп аудан халқын мерейлі күнмен құттықтады.

Бұдан соң аудан басшысы өңіріміздің дамуына еңбегі сіңген 26 аудан тұрғындарының кеудесіне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл» атты мерекелік медаль тақты.

Мұнымен қоса өлкеміздің өркендеуіне үлес қосып ауданның әр саласында қызмет атқарып жүрген М.Үмбетқалиев, Ә.Қайдашева, Г.Дляшева, Т.Дусупов, Ш.Айекешова, В.Сажнев, Е.Чувелева, А.Лихачевтерге облыс әкімі А.Көлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы М.Құлшардың атынан Құрмет грамотасын және өз атынан алғыс хат табыстады. Ал еліміздің жаңа саяси жүйесін құру, дамыту және сайлау процесін ұйымдастыруда, ҚР-ның сайлау органдарының кәсіби деңгейін арттыруда қосқан үлесі үшін ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашевтың алғыс хатымен Т.Дощанов, В.Харкин, М.Ортанбаевтарды марапаттады.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың  алғыс хатына «Нира» ЖШС директоры А.Джафаров, ал «Үздік тұқым шаруашылығы»  номинациясы  дипломына «Достық» ЖШС директоры В.Шевчук ие болды.

Сондай-ақ, тәуелсіздік құрдастары Т.Ибатов пен А.Мұқановаға сыйлықтар тарту етсе, 16 жасқа толған жеткіншектерге В.Перверталов пен Г.Халауединге куәліктер берілді.

Жиын одан әрі аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

Сахна шымылдығы «Ұлы Дала Елі» би композициясымен түрілді. Кештің сәнін құлақтың құрышын қандыра күй төккен халықтық «Шежіре» оркестрі, әннен шашу шашқан «Серілер» квинтеті, «НұрӘділ» дуэты, «Достар.KZ» квартеті, Н.Тасболатов, Ж.Қасымов, А.Елеусін, О.Трифоновалар аша түсті. Мың бұрала билеген «Дарюшка», «Инабат», «Нұрай» би ансамблдері көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Сонымен қатар Макаров ауылының жастары оқыған әдеби монтаж ел көңілінен шықса, Камен мектебінің оқушылар хоры мен Қ.Аманжолов атындағы мектеп ұжымы хоры жұртышылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Динара Насыр

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале