15.12.2016, 18:47
Оқылды: 65

Егеменді елдің ұланымыз

tauelsiz_el_ulandariЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Т.Жароков атындағы орта мектепте республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына ұлдар мен қыздарды қабылдау салтанатты жиыны өткізілді.  Аталмыш ұйымның негізгі мақсаты-оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ал міндеттері-мектептегі тәрбиелік әлеуетін жүзеге асыру болып табылады. Салтанатты жиынға мектеп оқушыларымен қоса, ардагер ұстаздар, аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Руслан Нұрәлиев, бір топ мұғалімдер қатысты.  Алғаш болып мектеп директорының  оқу ісі жөніндегі орынбасары Меңсұлу Телағысқызы құттықтау сөз сөйледі. Содан соң кішкентай бүлдіршіндеріміз көркемсөз оқып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларға туымыз түстес көгілдір галстук пен төс белгілерін табыстау рәсіміне шақырулы қонақтар, мектеп мұғалімдері мен жоғары сыныптың оқушылары ие болды. Әрі қарай осы мектепте 25 жыл еңбек еткен ұстаздарды  және Тәуелсіздіктің төл құрдастарын мектеп әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымының атынан оның төрайымы Гүлнәр Серікқызы алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Мерекелік кешке тарту ретінде Ақан Мектепқалиев пен Бағдат Биғалиев «Сәлем, Қазақстан!» әнін әуелете шырқаса, бір топ оқушылар «Саржайлау» әнін, «Жас Ұлан» әнұранын хормен орындады.

-Елімізде үлкен игі істер атқарылып, тұрмыс жағдайымыз жақсарып жатыр. Елдің елдігі байлықта емес бірлікте, қай жерде бірлік болса, сол жерде ынтымақ болады. Сіздерге оқуда тек қана үздік болып, жоғары деңгейде білім алуға тілектеспіз,-деді жиын соңында  ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісұлы.

Меңдібек Сырымов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале