8.05.2019, 15:49
Оқылды: 79

Егін неге еңбекті ақтамайды?

Сырым ауданы кейінгі жылдары мал шаруашылығына маман аудан болып алды. Егін еңбекті ақтамағасын, сырымдық шаруалардың атакәсіпке ауысудан басқа амалы қалмаған да еді. Егін еңбекті неге ақтамайды? Бұл сұраққа жергілікті диқандар «Қуаңшылықтың кесірі ғой!» деп жауап беретіні анық. Кезекті іссапарымыздың кезінде дәл жаңағы сұраққа біздер мүлде басқа жауаптар таптық.

IMG_9185

Елтай ауылдық округіндегі «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2012 жылдан бері жұмыс жасайды. Серіктестік негізінен егіс шаруашылығымен айналысады. Жыл сайын ақ бидай, күздік бидай және арпа егетін «Тінәлі» биыл алқабына түгелдей күнбағыс екті. Былтыр 800 га күнбағыс алқабынан жақсы өнім алған серіктестік, биыл егістік көлемін екі есеге арттырыпты. Сәйкесінше, өнім де екі еселенеді деген үміт бар.

«Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – техникалық базасының толықтығы мен әлділігі жағынан өңірдегі біраз шаруашылықтың алдын орайды. Былтыр келгенімізде, дән дариясын белуардан кешіп жүрген екі «Джон Дирді» көріп, сүйсініп кеткен едік. Серіктестік осы жылы МТЗ 1221 маркалы екі тракторды, Great Plains маркалы американдық екі дәнсепкішті, сосын Case Steiger 450 маркалы алып тракторды сатып алып, «сауырларынан сипап» еңбек бәйгесіне қосып жіберіпті.

Шаруашылықтың көктемгі далалық жұмысында 15 шақты жұмысшы жүр. Даладағы еңбек қарқынды. Ылғал жабу жұмыстары ойдағыдай аяқталып, қазір тұқым себу жұмыстары басталды. Серіктестік Украинадан арнайы алдырып, күнбағыстың армагедон сортының тұқымын сеуіп жатыр. Бұл тұқым шығымдылығымен әрі гербицидтерге төзімділігімен ерекшеленеді.

IMG_9199

-Қазір тұқым шашып жатырмыз. Жұмыс екі аптада аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Өнімді салқын түскесін жинаймыз. Орылған күнбағысты күзде «Теректімай» комбинатына тапсырамыз. Оратын комбайн, тасымалдайтын КАМАЗ-дар, өнім сақтайтын қойма – бізде бәрі дайын.

Күнбағыс егуге ерекше құлық танытуымыздың басты себебі – жұмыс еңбегімізге тұрады. Комбинат өнімімізді жақсы бағаға сатып алады. Бұл дақылдың бағасы бидайға қарағанда екі есе қымбат, - дейді «Тінәлі» ЖШС-ның жетекшісі Қали Ажығалиев.

Айта кетейік, биыл Сырым ауданы бойынша 13 мың гектар алқапқа көктемгі далалық жұмыстар жоспарланды. Оның ішінде 6 мың га. алқапқа арпа мен бидай, 2 га. жерге майлы дақылдар, ал 5 га. жерге көпжылдық екпешөптер егілмек. Алқаптар тырмаланып, мамыр айының басымен егу жұмыстары ептеп басталды. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген жанар – жағармай ауданға жеткілікті мөлшерде тасымалдануда.

***             ***             ***

Айдың басында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев орынбасары Ерболат Ахметовпен бірге «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында болып, серіктестік директоры Қали Ажығалиевпен және ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғалым, «Байер Қазақстан» ЖШС қызметкері, белгілі агроном Алдаберген Нұғмановпен кездесті.

IMG_9168

«Тінәлі» серіктестігі Алдаберген Нұғмановты егістік жердің ылғалын анықтату үшін облыс орталығынан арнайы алдырған екен. Агроном мырза біздің көзімізше алқапты бірнеше жерден 1 метрге дейін бұрғылап, топырақ сынамаларын алды. Жұмыс күн ортасынан аяғына дейін жүрді. Біз өз кезегімізде, ғалымнан аудан жерінің ылғалдығы жөніндегі алдын-ала болжамы туралы сұрадық.

-Соңғы жылдары Сырым ауданында егіс шаруашылығы кенжелеп кетті. Бұл жақта жердің құрғақтығы, ылғалдың жоқтығы айтылады. Тіпті Сырым ауданында егіс егу тиімсіз деп ойлайтындар бар. Мен олай ойламаймын!

Біздер осыған дейін Теректі, Бәйтерек аудандарында болып, жердің ылғалдылығын тексердік. Бүгін «Тінәлінің» егістік алқабында жұмыс жасадық. Жерді бұрғылап, топырақ қабатын тексердік. Сенесіз бе? Сынамалардың алғашқы қорытындылары бізді таң қалдырды. Сырым ауданындағы жердің ылғалдылығы өте керемет. Топырақтың бойындағы ылғал 160 мм тереңдікке дейін сақталып тұр. Бұл – ғажап! Өңірдің егістікпен айналысатын аудандары саналатын Бәйтерек, Теректі аудандарында мұндай көрсеткіш жоқ,- дейді ғалым Алдаберген Нұғманов.

Осы тұста ғалымға жоғарыдағы «Егін неге еңбекті ақтамайды?» деген сауалымызды қойдық. Оның берген жауабы мынадай болды:

-Егістігі өнім бермеген, егіні шықпаған қай-қай шаруа да жердің құрғақтығын, жаңбырдың жаумағанын, ауа-райының қолайсыз болғанын айтып ақталады. Диқандардың басты кемшілігі – сол, олар ауа – райынан басқа себеп іздемейді. Ауа-райы – ол бір ғана себеп. Өнімнің өсуіне, өнуіне әсер ететін басқа да жағдайлар бар.

Бірінші мәселе, ылғалды сақтау. Ол үшін ылғал жабу жұмыстарына қалай болса солай емес, жауапты қарау керек.

Еткен еңбектің ақталмауының екінші себебі деп тұқымның сапасын айтуға болады. Шаруашылықтар тұқымды уламай шашады. Уланбаған тұқымның әлсіз, күрескерлік қабілеті жоқ болатыны белгілі. Біздің сараптамамыз бойынша, тұқымдардың 50 пайызы – сапасыз, былай айтқанда «ауру». Тұқымның тең жартысының өсу мүмкіндігі аз болса, көл-көсір өнім туралы армандау орынсыздау әрине!

Үшінші мәселе арамшөптен келеді. Арамшөп – егіннің «ата жауы». «Ата жау» егінді ғана емес, тұтас шаруашылықтардың жұмысын құрдымға жібере алады. Егістікті арамшөптен арылту үшін гербицидтерді қолдануға болады. Мен маман ретінде, шаруаларға бұл жағдайда BAYER сауда белгісінің «Редиго Про» деген өнімін ұсынар едім. Бұл препарат дәннің бойындағы дертті жойып, өсімдіктің өсуіне күш үстейді.

«Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл осы мәселелердің бәрін де ескеріп отыр. Техникалық база мықты, жер дұрыс өңделді, ылғал жақсы, тұқым сапалы, ал арамшөптер гербицидтердің көмегімен жойылмақ. Демек, «Тінәлінің» гектарына кемінде 15 центнер шемекі алатын мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндік Сырым ауданындағы кез-келген шаруашылықтың қолынан келеді.

Шаруашылықтар ең әуелі жерін зерттеуі керек. Ол үшін – агрономдар керек. Агрономдар көбейсе егіс шаруашылығын өркендетуге болады. Егіс шаруашылығы дегенді тек бидай егу деп түсінбеу керек. Батыс өңірінің ауа-райы жағдайында күздік бидай, күнбағыс, ноқат және құмай дақылдарын өсіру қолайлы. Аудандарға осы дақылдарды өсіру мен өңдеудің технологиясын енгізсек, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Мәселен, құмай деген дақылдан нанға дейін пісіруге болады.

Аудандағы шаруашылықтарға агроном мамандардың керек екенін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев те айтып отыр.

-Егінді болжаммен, тәуекелмен егуге болмайды. Жердің жағдайын зерделеу, шығым мен шығынның есебін жасау керек. Көктемгі далалық жұмыстардың жемісті болуы мамандарға тікелей байланысты. Бір қожалыққа бір агроном керек,-дейді аудан әкімі.

Агрономдар қалмай бара жатыр. Ал бүгін осы мамандықта біреулер оқиды ма өзі? Осы сұрақтың жауабын білу үшін, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың агрономия факультетінің деканы, технология ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Оңаев мырзаға хабарластық.

         Деканның айтуынша, агроном мамандардың тапшылығы соңғы 10 жылда анық сезіліпті. Бүгінгі күні біздің аграрлық-техникалық университетке Батыс Қазақстан облысынан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары дәл осы агрономдар жөнінде сұраныс білдіріп отыр. Университетті агрономия факультеті, «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша жылына 15-17 студент қана бітіреді. Жаңағы сұранысты қанағаттандыруға ол жеткіліксіз. Оның ішінде, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін егістік алқапта емес, әкімдіктің кеңсесінде жұмыс жасағанды құп көретіндер тағы бар. Агрономдар сосын аз екен. Жаңағы мамандықтың иелерінің лицензия алып, заңды тұлға ретінде жердің сапасын анықтаумен ақылы түрде айналысуға да құқы бар көрінеді.

Марат Оңаев аудан әкімі Төлеген Төреғалиев айтқан «бір шаруашылыққа - бір агроном» мәселесін университеттің жанындағы қосымша білім беру орталығы арқылы шешуге болады дейді. Егер шаруашылықтар тиісті маманын оқуға жіберсе, қосымша білім беру орталығы олар үшін жер жағдайын зерттеу, дақылдарды егу технологиясы сияқты курстарды ұйымдастыра алады екен.

-Қазақтың жері көп. Ал сол жердің сапасын анықтау, игеру – мемлекеттік мәселе,-дейді агрономия факультетінің деканы Марат Оңаев.

Декан дұрыс айтады. Мемлекеттен пайдалануға жер алу – шаруа, ал сол жерді пайдалану, игеру – өнер. Аудан шаруаларына осы «өнерді» меңгеретін уақыт келді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале