14.06.2018, 10:31
Оқылды: 66

Егіндікөлде тарихи-танымдық экспедиция өтті  

 

DSC_0197Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданның солтүстігіндегі табиғаты тамаша мекен Егіндікөл ауылдық округіне «Менің өлкем!» атты тарихи-танымдық экспедициясымен барған болатын. Қойнауына талай сырды сақтап жатқан өлкенің тарихымен танысуға көршілес Сырым ауданының жастары да мүмкіндік алды.  

 Егіндікөл – табиғаты әсем жер. Солтүстік беті Шыңғырлау ауданымен шектеседі. Ылдиы мен өрі, өзені мен көлі, мөлдір бұлағы мен сай-саласы, шағылды құмы мен ну орманы алтын бесік туған жердің ажарын ашып, көркін асырып-ақ тұр.

Экспедиция жұмысымен келген меймандарды ауыл іргесінен күтіп алған Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин қош келдіңіз айтып, танымдық бағыттағы экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

Көршілес Сырым ауданының белсенді жастары мен ауданымыздың жігерлі жастарының басын біріктірген экспедиция жұмысы алдымен Құныскерей үңгіріне барудан басталды.

Егіндікөл ауылындағы тарихи орындар мен көркем табиғатты тамашалай келген меймандарды Құныскерей үңгіріне бастап барған Егіндікөл орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Әділет Мұсағалиев аңызға айналған жердің шежіресі мен тарихын баяндап берді.

DSC_0160-Ертеде қазақ пен қалмақ соғысқанда қазақстар соғыс тәсілі үшін үңгір қазғандығы айтылып жүр. Құныскерей  негізі Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Сонау қиын-қыстау заманда қудалауға ұшыраған атамыз біз тамашалап тұрған үңгірді мекендеген екен. Солақай саясаттың кесірінен қуғыншылардан қашып үңгірге бой тасалап, жасырынып жүрген деседі. Сол уақытта Құныскерей үңгірге ат үстінде отырып еркін кіре алатын болған. Қазіргі кезде үңгірге келген адам еңкейіп қана кіре алады. Үңгірдің жері дымқыл, түпкі жақтары суық ызғар есіп тұрғандай әсер қалдырады, - дейді Әділет Қайратұлы қысқаша шолу жасап.

Содан соң Аққұм қорықшасының бұйрат құмдарын аралап, ондағы өсетін шөптер және мекендейтін аң-құстар, жануарлар туралы мол мағлұматтар алды. Ауыл іргесіндегі сылдырап ағып жатқан бұлақ басына барып шипалы судан дәм татқан жастар, саяхаттан ерекше әсер алды.

Тарихи орындарға, табиғаты әсем, көрікті жерлерге барған экспедиция мүшелері таңданыстарын жеткізіп, естелік суретке де түсіп жатты.

Бұлақ басындағы кездесуде Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Кәрімұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында туған жерге жанаршырлық танытып, қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың игілікті істерін айтып, экспедиция жұмысымен тарихы бай өлкеге келген жастарға ризашылығын білдіріп, көршілес қос ауданының жастары өңірдегі тарихи орындарды насихаттауды қолға алған бастамалары құптарлық іс екендігіне тоқталды.

Экспедиция сапарынан үлкен әсерге бөленген Сырым ауданының жастары өлкенің бай тарихымен таныстырған қаратөбелік жастарға алғыстарын білдіріп, әріптестік байланысты нығайта беруге уағдаласып аттанып кетті.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале