24.04.2018, 16:56
Оқылды: 80

Экспедиция Жиделі құмына бұрылды

IMG_9190Күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы бойынша құрылған Халықаралық ғылыми экспедициясы 23 сәуір күні ауданымызға ат басын тіреді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шаралары аясында халқымыздың қасиетті қара домбырасы мен рухани мәдениетімізде Құрманғазы бабамыздың күйлерінің алатын орны ерекше екені белгілі. БҚО әкімдігінің қолдауымен бастау алған экспедициялық топтың мақсаты – ұлттық музыка өнерінің киесі, қастерлі тұлға, «Күй атасы» Қ.Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеу.

23 сәуір күні экспедиция тобы «Күй астанасы - Жаңақала» жеріне аяқ басып, аталған киелі өңірдің топырағында дүниеге келген күй өнерінің майталманы Мәмен мен тұлпары Тұяқбердінің кесенесінің басына барып, тағзым етуден бастады.

Бабалар жолымен сапарға шыққан халықаралық экспедиция келесі күні аудандық мәдениет үйінің алдындағы күй алыптарының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Сонан соң, ауданымыздың тарихи-өлкетану музейінің көне жәдігерлерімен танысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздың орталықтандырылған кітапханасында «Күмбір күйдің кемеңгерлері» атты тақырыпта күй өнері, Құрманғазы бабамыз жайында мағлұмат алу мақсатында дөңгелек үстел оздырылды. Шараға экспедиция мүшелері, аудан әкімдігі аппаратының өкілдері, өлкетанушылар, мәдениет сала қызметкерлері және күй өнерін жоғары бағалайтын тыңдармандар қатынасты.

IMG_9197Шара шымылдығы Қ.Жантілеуов атындағы саз мектебі домбырашылар ансамблінің Құрманғазы күйі «Балбырауынның» орындауымен ашылып, одан әрі аудан әкімі Н.Қарағойшиннің алғы сөзімен жалғасты. Наурызбай Қадырбайұлы тарихымызды, қазақтың күй өнерін дәріптеген бабамыз Құрманғазының тарихын зерттеуде бастама көтеріп келген экспедиция жетекшісі М.Ерсаев бастаған топқа алғыс білдіріп, сапарларына ақ жол тіледі. Ауданымыз күйдің астанасы, Құрманғазы бабамыз өмірінің бір бөлігі өткен, біраз шәкірттері тәрбиелеген көне тарихи жер ретінде сақталғанын атап өтті. Сонан соң, экспедиция жөнінде толық мағлұмат беру үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, эспедиция жетекшісі Мирболат Бижанұлына сөз берді.

-Биыл Құрманғазы бабамыздың туғанының 200 жылдығына орай жүріп өткен жолының ізімен Орал-Астрахань бағытында экспедиция ұйымдастырылды. Бұл сапарымыз Қ.Сағырбайұлын күй құдіретіне баулыған Қаратөбе ауданындағы Ұзақ күйшінің зиратының басына құран бағыштап, тағзым етуден басталды. Жоспар бойынша Құрманғазы бабамыз болған аудандар мен тарихи орындарды аралаймыз. Жаңақала ауданында Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты қандай естеліктер сақталған, қандай елді-мекендерге бару керек екенін жол сілтесеңіздер дейміз, - деп дөңгелек үстел қатысушыларын ашық әңгімеге шақырды.

Ауданымыздың Закария Жүсіпқалиұлы, Тыныштық Өтешқалиев, Ғибатолла Сарсеков, Нәсіпқали Мақанов бастаған аға-буын өкілдері Құрманғазы бабамыз жайында естіген естеліктерімен, жүріп өткен тарихи орындары жөнінде білгендерімен ой бөлісті. Олар күйшінің ауданымызға қарасты Жиделі құмында туып, Саркөл ауылында ел аузынан естігендерін әңгімеледі. Өлкетанушы Т.Өтешқалиев Жиделі құмына қалай бару керектігі жайында өз пікірін білдірді.

«Рухани жаңғыру» бағытында бастау алған халықаралық ғылыми экспедиция тобының аудан орталығындағы кездесуі күйші Едіге Нәбиев пен Асқар Кенжеғалиевтың күмбірлеген күй орындауымен қорытындылады. Сонан соң, бәрі бір ауыздан келісіп, тарихи орын Жиделі құмына баруға ниет еткен экспедиция мүшелері жол картасына өзгеріс енгізді.

Дөңгелек үстелде жаңақалалықтар үшін қуанышты жәйт - ауданымыздың өлкетанушысы Т.Өтешқалиевтың экспедиция тобына мүшелікке алынатын болып шешілуі еді.

Шараға қатысушылар экспедиция мүшелерінің игі бастамаларын қолдайтындығын білдіріп, ұзақ сапарларына сәттілік тіледі.

Айтолқын АСҚАРҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале