31.07.2017, 17:58
Оқылды: 27

«ЭКСПО» ғаламаттары тілшінің көзімен

«ЭКСПО-2017» дегенде көпшіліктің ойына әр елдің ұсынған озық технологиясы, сапалы өнімі, өмір салтын, мәдениетін баяндаған көрме оралары анық. Алайда көрмені зер сала тамашалаған адам өзі ойлағаннан әлдеқайда ауқымды, ғажайып дүниеге кез болады екен» дейді зеленовтық әріптесіміз Нұржан Тоғызбайұлы.


Бірден айту керек, ұлттық «Нұр Әлем» павильоны ғажап құрылысымен, ұсынған жаңалығымен талайды таңғалдыруда. Көрме көрігін қыздырған ерекше сипатты ғимараттың маңыздылығын иін тірескен адам кезегінен-ақ аңғардық. Алаш Астанасының ажарын айшықтай түскен кешеннің архитектуралық шебер құрылымы, түрлі энергияға арналған әр қабатының ерекше мәнерде безендірілуі көрген көздің жауын алады. Тақырыпқа сай ақпараттың ұсынылуы да өзгеше. Мысалы, аспан әлемінің құпиясы, ай бетіндегі алмағайып тіршілік, ғарыштың зерделену тарихы, ғарышкерлер пікірі мен ғалымдар пайымы үш тілде өте шебер топтастырылған. Қай жағыңа қарасаң да әсем бедерленген дүние таным көкжиегіңді кеңейте түсері сөзсіз. «Нұр Әлем» кеңістігін кернеген ғажайыптан ұққанымыз: Адамзат жаңа энергия көздерін іздеу үстінде жүргенде қолдағы бар ресурстарды сақтау мен олардың саналы қолданылуының маңыздылығы арта бермек. Әрқайсымыз бұл үрдіске өз үлесімізді қоса алатынымызды түсініп, төмен сырғыдық.

Шетел павильондарын аралау барысында бірінен-бірі асып түсіп жатқан тың табыстардың, жаңғырмалы энергияның үздік тәжірибелер аймағына ендік.

«Бүгін біз орнықты энергетика Корольдігін құрудамыз»,-деп жар салған Сауд Арабиясы, мұнайды экологиялық жолмен өндірудің жаңа үлгісін ұсынған Венесуэла, жел мен судан қайта жаңартылатын энергия өндіруде көш ілгері кеткен, Дунай өзенінде қуаты жағынан әлемде екінші орындағы гидроэлектростанциясы бар Сербия, тұтынатын жылдық электр энергиясының 80 пайызға жуығын жаңартылатын әдіспен алуды көздеген Грузия, 2030 жылға қарай «Ravon» электромобильін қолданысқа енгізуге ниет етіп, адамның әуежайлар мен бекеттерде уақытша өмір сүруіне қолайлы «Эко-капсула» бөлмесін ұсынған Өзбек ағайын, болашақтың энергиясын ірі өндірістеріне батыл енгізуді ойлаған Түркімен елі «Болашақ энергиясы» тақырыбына бағыттаған сан қырлы жобаларымен ерекше таңғалдырды. «Шығармашылық индустриясы сандық конвергенцияда» тақырыбымен «ЭКСПО-2023 Аргентина Буэнос-Айрес» көрмесін өткізуді мақсат тұтқан Аргентина да барын салып бағытпы.

 

Сана энергиясы өмірдің мәні

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» - деген түйін бар. Дәл осы тақылеттес ұстанымдағы Катар елі ұлттық павильонының төріне Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Дәреттеріңді суға толымды өзенде алып жатсаңдар да, суды босқа шашпаңдар», - деген сөзін жазып қойыпты. Көрмесінен түйгеніміз Катарлықтар өзіне керектісін ғана ала отырып, артық ешнәрсені шығын қылмай, әрқашан экология тұрғысынан ұтымды өмір сүруге ұмтылған ел екен.

Ұлттық стратегиясын адам әлеуетін арттыруға бағыттаған Катар елі «Егер келешек энергияны ұтымды сын-салалы қолдансақ, ол ресурстарды сақтауды көздейтін қоғамдастықтардың тууына алып келеді. Бұл қоғамдастықтарда сау және бақытты өмір болады деп кепіл беріледі, ал ысырапшыл және ұтымсыз іс-тәжірибелері өткен заманның ісі» - деп санайды. Катар көрмесінің келесі белдеуінен: «Сана күшінің арқасында келешек энергия көздері саласында ең жаңа зерттеулер жүргізуге мүмкіндік ашылады. Катар үнемі даму үстінде және де мүмкіндігінше, ең мықты болуға оны еш нәрсе де тоқтата алмас. «Катар Ұлттық Көзқарасы – 2030» адам әлеуетін өсіруге бағытталған. Адам энергиясынсыз еш нәрсеге қол жеткізуге болмайды», - дегенді оқып, сәл кідірдік. Адам энергиясын басты орынға қойған елдің ұстанған қағидасы «Сана энергиясы өмірдің мәні болып табылады» деген Аристотель филисофиясымен үндес.

 

Қалдықтан қуат алған...

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне келген Француздар «Біздің мақсатымыз әлеуметтік жауапты энергетика саласында жетекші орынға ие болу», - деп ұрандапты.

Француз көрмесіне бас сұққан жанның көзіне «LC2 креслосы» оттай басылады.   Ұлы Ле Корбюзьенің сарыны бойынша жасалған кресло сәулеттегі модернизм иконасының бетоннан жасалған дәл көшірмесі. Түпнұсқасын Ле Корбюзье осыдан 89 жыл бұрын, яғни, 1928 жылы жобалаған екен. Сондай-ақ Франция елінің көрмесінде ескі заманда сарайларда, бекзат үйлерде және ақсүйектер апартаменттерінде ғана кездестіруге болатын дәстүрлі француз паркеттерінің қағидалары бейнеленген. Бетоннан жасалған тақташалар осы инновациялық және жасампаз материалдың барлық артықшылықтарын көрсетіп, әр түрлі ағаш түрлерінің текстурасын аса дәлдікпен айнытпай келтіреді.  Әрі қарай көрмеде қарқынды түрде урбанизацияланып жатқан әлемнің құрылысын салуда цемент пен бетонның қандай ерекше рөл атқаратынын көрсете отырып, Францияға тамаша саяхат ұйымдастырады. Миллодағы автокөлік жолын, Ментондағы «Кокто» мұражайын, Булонь-сюр-Мердегі «Навсикая» аквариумін, Лиондағы «Инсити» және «Оксижен» мұнараларын,  олимпиадалық паркты, «Сент-Экзюпери» әуежайын басқа да көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік беретін «Болашақтың қаласы» фильмі ұсынылған.

Ғасырдың соңына қарай энергияға сұраныстың үш мәрте артуын болжаған Француздардың «Болашақтың энергиясы қандай болмақ?», - деген сауалға жауабы дайын болып шықты. ЭКСПО-ның жаңалығына баланған алып құрылыс осы елдің еншісінде. Болашақта «ИТЕР» деп аталатын әлемнің ең үлкен токамагі (орыс тілінен алынған қысқарту: Магниттік тороидалдық камера) болады. 23 мың тонналық қондырғы жеті қабатты токамак кешенінде орналасады. Қазір ол Францияда салынуда. Жобаға барлық қатысушылар - Қытай, Еуропа Одағы, Үндістан, Жапония, Корея, Ресей және АҚШ қондырғының компоненттері мен жүйесін құрастырумен айналысып жатыр екен. Күн мен жұлдыздарға қуат беретін термоядролық энергия – қауіпсіз, қоршаған ортаға зиянсыз және шексіз энергия саналады.

Францияның тағы бір ұтқыр тұсы - қалдықты пайдаға асырып, қуат алуы. Бұл елде жыл сайын 720 000 тонна қалдық бастапқы шикізатқа қайта өңделуде. Жылына осынша қалдықты өңдеп, кәдеге жаратып отырған халықтан үйренеріміз көп. Көрген көзде жазық жоқ, бұл елде қарапайым қағаз 5 рет қайта өңделсе, әйнектің өңделуі шексіз екен. Сондай-ақ француздар болат пен аллюминийді де қайта өңдеп, жеке-жеке пайдаға асырыуда алдына жан салмайды. Француздың «Syctom» қоғамдық қызметі Парижде және жақын жердегі 83 қалада тұратын 6 млн. тұрғыннан қалдығын қабылдап, өңдеумен айналысады екен. Бұл мөлшер жылына 2,3 млн. тоннаға жеткен.

Елдегі ірі өндіріс ошақтарының 2/3 түтін қалдықтары энергетикалық пайдаға асыру мақсатында қайта өңделеді екен. Сол арқылы жылына 300 мың тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар жылу энергиясымен қамтылған. Түтіннен шығатын СО2 газы биопластиктер мен биоотындардың өндірісі үшін микробалдырлар өсіруге қолданылады. Механикаландырудан кейін органикалық қалдықтар мен ағын судан газ бен жылу өндірілуде. Ал таңғалмай көріңіз.

Францияда энергияны сақтау және түрлендіру, ғимараттар мен өнеркәсіптік нысандардың энергиялық тиімділігін артыру, зияткерлік электр жүйелерді жасау, жаңартылатын энергия көздерін (судың, желдің, күннің) пайдалану туралы инновациялық шешімдер әзірлейтін шағын және орта кәсіпорындар жүздеп құрылған. Сонымен қатар бұл елдің ғимараттер мен үйлерді жылыту мақсатында жер жылуын пайдалануға дендеп кіріскенін байқадық.

Қуат әлемді өзгерте алады

Басынан бақайшағына дейін автоматтандырылған Неміс павильоны да Астана көрмесінің айбынын асырып тұр. Атақты «Фрауенгофер» ғылыми-зерттеу институты күн энергиясын өндірудегі соны жаңалықтарын алға тартыпты. Мұнда да көп дүние қарапайым ғана «үнемдеу» қағидасына негізделген. «Ақылды үй» жобасы арқылы адамзатты ысырапшылдықтан аулақ болуға шақырады.

Неміс көрмесінің «Жел ешқашан ұйықтамайды» айдарымен топтастырылған бөлімінде елімізде 2015 жылы іске қосылған «Ерейментау І» жел паркінің жұмысы баяндалған. Ұлы даламыздың сұмдық жел қуатын немістер өте терең зерттегенге ұқсайды. Бұлай деуімізге олардың «Қазақстандағы жел энергиясының теориялық тұрғыдағы әлеуеті бір жылда 929 тераватт-сағатқа (ТВт-сағ) дейін жете алады, бұл осы елдегі тұтынылатын қуат көлемінен 10 есе артық болады», - деген  тұжырымы дәлел.

«Жел энергетикасы саласында әлем бойынша 670 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Бұл 2020 жылға дейін 2 есеге артық болуы тиіс», - деп сенімді сөйлеуінен Неміс халқының жел энергиясын өндірудегі көшбасшылыққа деген ерекше ұмтылысын аңғару қиын емес.

Көп дүние көрдік, көкейге түйдік. Болашақтың энергиясын игеруге деген әлемнің құлшынысын сездік.  Ғасыр тақырыбының төрімізде талқыланып, ғасыр табысының елімізде салмақталуы біз үшін бір ғанибет.

Нұржан ТОҒЫЗБАЙҰЛЫ,

Зеленов ауданы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале