5.01.2017, 17:06
Оқылды: 16

ЭКСПО көрмесін көргіңіз келе ме?

12   Астанада өтетін Халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысып, өз көзіңізбен көргіңіз келе ме? Мархабат! Айтулы көрмеге қатысу үшін сіз «Қазпочта» АҚ жергілікті бөлімшесіне барып билет сатып алуыңызға болады.


  Бұл жөнінде Зеленов ауданында орналасқан қазпошта қызметкерлері егжейлі-тегжейлі түсіндіреді. Мысалы,билеттерді сату көрменің соңғы жұмыс күні – 2017 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылатын болады. Клиенттер күні белгіленген билеттерді жұмыс күндеріне 4000 теңгеге және демалыс күндеріне 6000 теңгеге ала алады. Ал күні белгіленбеген билеттерді жұмыс күніне 6000 теңгеге және демалыс күндеріне 8000 теңгеге ала алады. Билеттерді сату қолма-қол ақшамен де, төлем карточкаларымен де жүзеге асырылады.

  Айта кетейік, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жеңілдікті билеттер қарастырылған. Мәселен,жеңілдік билетті тек көрмеге келетін күні, көрменің кіре берістерінде орналасқан кассалардан, жеңілдікті растайтын құжат пен жеке тұлғаны куәландыратын құжатты көрсетіп қана алуға болады.Жеңілдік билеттерді алуға құқығы бар тұлғаларға арналған билет құны ақысыз. Олардың қатарына ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектер, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, барлық топтағы мүгедектер, жетім балалар, 6 жасқа дейінгі (6 жас қоса) балалар. Ал мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, көп балалы аналар, 4 және одан көп кәмелетке жетпеген бірге тұратын балалары бар көпбалалы жанұялар үшін билет құнының 50 пайыз жеңілдігі қарастырылған. Шетелдік азаматтарға жеңілдік жүрмейді.

  Астана «ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев: «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылғы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейінгі аралықта Астана қаласында өтеді. 93 күн ішінде 85%-ын республика тұрғындары құрайтын 5 миллион адам қатысады деп күтілуде. Біз Қазпочтаның арқасында ең шалғайдағы өңірлердің тұрғындарына да көрмеге билет сатып алу мүмкіндігін ұсына аламыз» десе, ал «Қазпочта» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Байрам Азизов: «Біздің осы тектес қызмет ұсынуда тәжірибеміз бар. Қазіргі таңда біздің операторлар темір жол билеттерін, авиабилеттерді және т.б. сату бойынша агенттік қызметтерді ұсыну бағытында жұмыс жасауда», – дейді www.tickets.expo2017astana.com  ресми сайтына жарияланған сұхбатта.

Айшабибі Мәмет

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале