16.03.2018, 17:41
Оқылды: 26

Елбасы бастамасын іске асыру бойынша қарар қабылдады

Зеленов ауданында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес əлеуметтік бастамасы» атты үндеуін іске асыру жөніндегі актив отырысы өтті.

Отырысты ашып, жүргізген аудан əкімі Асхат Шахаров маңызды салаларды қамтыған бастаманың əр қазақстандық жанұяға тигізер ықпалын айрықша атап өтті.

- Шуақты көктемнің ескен лебіндей жарқын бастаманы халқымыз қуана қолдады. Қоғамды ізгілікке шақыратын мерекелер тоғысқан Наурыздың басты жаңалығы ретінде бастамалар қоғамда кең талқылануда. Халықты баспанамен қамту ісіне тың серпін беріп, салықты төмендету арқылы қарапайым тұлғалардың табысын арттыру, мектеп түлектеріне арналған грант санын өсіру, студент жастарды жатақханамен қамту мəселесін мемлекеттік деңгейде шешіп, шағын жəне орта бизнеске бағытталған жеңілдетілген несиенің көлемін еселеп арттыру, сондай-ақ елдің газсыз өңірлерін газдандырып, еңселі Елордамызды тұтастай көгілдір отынмен қамту шараларын көтерген бастама жасампаз дүние. Бұл бастамалар елімізде жаппай іске асырылатын бағдарламаға айналмақ. Өйткені Президенттің əлеуметтік бастамаларында көтерілген мəселелер əр өңірге тəн. Əсіресе ел жастарын қолдауға бағытталған бастамалар қоғамның бірлігін нығайтып, халықтың əлеуетін арттыра түспек, - деген аудан басшысы бастаманы іске асыруда іркілістің болмайтынын жеткізді.

Активте сөз алған аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Ахметжанов, Рубежин колледжінің директоры М. Сапарғалиев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Г.Исмағұлова, Дариян мектебінің мұғалімі К.Махно əр бастаманың халық игілігіне бағытталғандығын айтып, елдің даму жолындағы кезекті асуларды бағындырудың табысты жолын нұсқаған үндеудің іске асуына белсенді қатысуға шақырды.

Одан əрі аудан əкімі Асхат Берлешұлы экономикалық-əлеуметтік бағыттағы жоспарлы шаралар мен жұмыссыздықпен күрес жайының орындалу барысын пысықтап, жиын қатысушыларына еңбекте сəттілік тіледі.

Жиын соңында «Президенттің бес əлеуметтік бастамасы» үндеуін іске асыру бойынша қарар қабылданды.

Н. Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале