24.05.2018, 9:45
Оқылды: 92

Елбасының Жәнібек пен Бөкей ордасына жол салу тапсырмасына орай арнайы топ құрылды

 

IMG_1836Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына сапармен келген кезде Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесін айтқан болатын. Осыған орай 23 мамыр күні ауданымызға жұмыс сапарымен автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайран Бармақов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев, «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ербол Айтбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының сапаны бақылау департаменті директоры Дмитрий Бессонов келді.

Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына баратын жол Қазталов ауданы аумағымен өтеді. Бүгінде Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жолдың жөнделмеген 35 шақырымы ғана қалды. Бұл жұмыстар биыл атқарылады деп жоспарлануда. Жол саласы мамандарымен кездескен аудан әкімі Абат Шыныбеков осы аталған бағытта қатқыл табанды жол салу жобасына аудан аумағынан өтетін жол бойында қонақ үйлерді, кемпингтерді, жанармай құю, техникалық қызмет көрсету орындарын, тамақтану және сауда пункттерін орналастыруға алаңдар жасауды енгізуді ұсынды. Сонымен қатар ауданымыз Ресейдің Александров-Гай ауданымен шектесетіні белгілі.

Қазіргі таңда бұл екі арада «Фомин» өткізу бекеті қысқартылған түрде жұмыс жасауда. Дегенмен бұл бекетті болашақта ашу жұмыстары екі ел арасында келісілуде. Сол себепті де аудан әкімі осы шекара бекетіне дейінгі 14 шақырым жолға қатқыл табанды жол жасау жөнінде ұсынысын білдірді. Сондай-ақ жұмыс сапарымен келген жол саласы мамандары Нұрсай ауылындағы ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, жоспарларымен бөлісті.

-Өздеріңізге белгілі, Елбасы Батыс өңіріне сапарында Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына қатқыл табанды жол салуды тапсырған болатын. Осыған орай арнайы топ құрылып, жолға шықтық. Бүгінде осы аудандар бағытындағы 500 шақырымдай жолдың 250 шақырымы тас жол. Жол негізі 2 бағытта – Қазталов-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын бағытында салынатын болады. Бұл сапарымыздың басты мақсаты – жолға орта не күрделі жөндеу керек пе, қандай материалдарды жол бойынан табуға болады деген мәселелер. Биыл бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, келесі жылы жұмыстарды бастайтын боламыз, -дейді автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайран Бармақов.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале