22.01.2021, 12:18
Оқылды: 75

Елтайдағы ел кездесті әкімдермен...

Осы аптада әкімдер Елтай ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. Халықпен жүздесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және сала басшылары қатысты.

DD9E104A-FE65-44C4-B5C5-1A5A071185C8

Округ әкімі Рашид Байров өзінің баяндамасында ауылда 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен жаңа жылға белгілеген жоспарлары туралы айтты. Былтыр күзде ғана ауыл әкімінің тізгінін ұстаған Рашид Байровтың келе сала қолға алған шаруасының бірі  – ауылды абаттандыру ісі болды. Былтырғы жылдың аяғында ауылға демеушілер ұсынған әткеншек – ойыншықтар әкелініп, балалар ойын алаңы ашылды. Хоккей айдыны салынып, пайдалануға берілді. Болашақта мәдениет үйінің маңы демалыс саябағына айналмақ.

Тек мәдениет үйінің маңайы емес, әкімдік барлық көшеге көңіл бөлуге тырысуда. Ауыл көшелеріне қосымша 16 дана диодты үнемдегіш жарық шамдары орнатылыпты. Негізі ауылдың 9 көшесі де самаладай жарқырап тұр екен. Оларды үнемді түрлерімен ауыстыру жоспарлануда. Әрине, жарықшам тағумен ауылдың ажары ашыла қоймайды. Тегіс жол, түзу көше, сәнді ғимарат та керек. Жаңа әкім де осындай ойда ғой деп есептейміз.

- 2020 жылы ауылымызда «Аctiv» спутниктік ұялы байланыс желісі мен 3G спутниктік интернет желісі орнатылды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бағытында «Ақбұлақ»  бағдарламасы аясында сумен қамту жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылды, – деп 2020 жылдың жаңалықтарына тоқталды Рашид Байров.

52E6382D-38F3-4C35-BC21-26CC8999A3E9

«Activ» келуін келді-ау. Бірақ халық байланыстың, әсіресе мобильді ғаламтордың әл-сапасын әлі де арттыру керек деп отыр.

Тасқұдық зәру болып отырған бір маман болса – ол электромонтер. Тозған желілердің үзіліп, бұзылуы көп. Ол ретке келгенше қыруар уақыт өтеді, қырғын шаруа тоқтайды. Жиналысқа Сырым аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Жұмағали Молдашев қатысып, жағдайды реттеуге, кадр орнықтыруға уәде берді.

Мектеп директоры Мұхтар Шулеуовтің айтуынша, Тасқұдық негізгі мектебіне жас мамандар көптеп келіп жатыр, алайда олар үшін баспана мәселесін шешу қиын екен. Қазір көпбалалы жанұяларға аудан мен қаланың басынан үй берілуде. Жанұялар көшіп кетеді. Соның кесірінен мектептер біріншіден мамандарынан, екіншіден оқушыларынан айырылуда. Бұл негізгі мектептер үшін соққы болып тұр. Мұхтар Шулеуов жанұяларға қамқорлық жасаудың осындай тиімсіз тұсы да бар екенін айтты.

Халық айтқан негізгі мәселелерді ауыл ақсақалы Жазықбай Алшағыров нақтылап, нығыздады.

Жиналыс біткеннен кейін тұрғындар аудан әкімі мен облыстық, аудандық мәслихаттары депутаттарының қабылдауында болып, жеке мәселелерін айтты.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале