1.11.2017, 15:07
Оқылды: 33

Еңбек ардагеріне құрмет көрсетілді

 

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ауыл-елдің ардақты қарияларының бірі, еңбек жолы өнегелі, жас ұрпақтың ақылшысы Қанапия Байғазиевті қабылдап, оны 80 жасымен құттықтады.

Ауданның Мерген ауылында дүниеге келген Қ.Байғазиев балалық шағы Ұлы Отан соғысының жылдарымен тұстас келгендіктен, халық көрген ауыртпалықты сәбилік жүрегімен сезініп өсті. Соғыс жылдарының барлық баласы секілді, ол білімнің, еңбектің, бейбіт тірліктің бағасын жақсы біліп ер жетті. Сондықтан Чапаевтағы орта мектепті алтын медальға, сосын ауылшаруашылық техникумын үздік  тәмамдаған соң, бүкіл еңбегін ел игілігін еселеуге арнады. Бұрынғы Куйбышев атындағы кеңшарда бақылаушы-инженер, Чапаев МТС-інде бақылаушы, аталған кеңшарда бас инженер, «Қасселхозтехника» кәсіпорында директордың орынбасары болып еселі істер тындырды. Зейнеткерлікке дейін біраз уақыт осы кәсіпорындағы арнайы магазиннің меңгерушілігін атқарды.

Аға ұрпақтың тіршіліктегі табанды еңбегі кейінгілер үшін айтулы мектеп болып табылады. Қабылдауда осы орайда әңгіме өрбіп, мерейгерге аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері де ақ ниеттерін арнады. Аудан басшысы 80 жастың сеңгіріндегі ардагерге естелік сыйлықтар тапсырды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық адуаны

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале