1.11.2018, 13:29
Оқылды: 35

Еңбек дауы сотта шешілмек

Жақында Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Аманжол Салимовтың жұмыстан себепсіз босатылғаны жөнінде әлеуметтік желіде алып-қашпа әңгіме тараған еді. Оны әркім сан-саққа жүгіртіп, түрлі жорамалдар жасап тастағаны рас. Біз аталмыш оқиғаның анық-қанығын білмек ниетте, жұмыстан шығарылған директордың және жұмыстан шығарған мемлекеттік мекеме – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уәждерін өз ауыздарынан тыңдағанды жөн көрдік.

enbek

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құзырлы мекеменің жұмыстан босату туралы бұйрығына келіспейтіндігін ашық білдірген Амантай Салимов Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакциясына арнайы келіп, өз ойын былай сабақтады:

– Сол күні жұмыста болмағанымның өз себебі бар. Жаңақаладан шалғай ауылда жәдігер жатқандығы жөнінде хабар естідім. Ал оған уақытында бармасаң, жоғалып кетуі мүмкін. Сондай жағдай болмасын деп таңғы 5-те тартып кеттім. Бірақ, бір күн бұрын қоңырау шалғанымда басшылар тұтқаны көтермеді. Барған соң ерте қайтамын ғой деп ойладым. Алайда көліктің дөңгелегі жарылып, жолда қалдым.

Күні бүгін бұл жағдай бойынша аудандық сотқа арыз түсірдім. Енді төрелігін сот айтсын деп отырмын, - деді А.Салимов.

Ал Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Еслямғалиева бұған мынадай уәж айтады:

– Аманжол Саясатұлы 2017 жылдың мамыр айынан бері Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарып келді. Және ол өз ісіне шын берілген, қызметіне қызығушылықпен жұмыс жасайтын маман. Нақты айтқанда, бұл азамат музей директоры болғандықтан, мекеменің саясаты мен стратегиясын анықтап, ҚР тарихи және мәдени ескерткіштерін мемлекет және қоғам мүддесі үшін қорғау мен пайдалану бойынша жұмыстарды үйлестіруі, жоспарлар, бағдарламалар мен жобаларды жасап, жүзеге асыруға басшылық етуі, музей қорындағы музей жәдігерлерінің сақталуы мен есепке алуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бірақ, Аманжол Саясатұлын жұмыс бабымен қанша іздесек те жұмыс орнынан таппаймыз. Өйткені, ол кісі дала кезіп, «құм көшті, сүйек шықты» деп ылғи орнында отырмайды. Сүйек шықса, оны зерттейтін арнайы орталық бар. Бір емес, бірнеше рет жұмыста болмағанының куәсі болдық, оны қызметкерлері де растап береді. Осындай бірнеше рет қайталанған еңбек тәртібін бұзған әрекеті үшін ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 8-тармақшасына сәйкес атқарып отырған лауазымынан босатылды. Бұл Аманжол Саясатұлының қолынан іс келмейді деген сөз емес, бұл оның атқарып отырған лауазымына жауапкершілікпен қарамағандығы үшін қолданылған шара,- дейді.

Иә, қалай десе де, еңбек дауына соңғы нүктені әлеуметтік желідегі «белсенділер» емес, тек қана сот қоюы тиіс.

А.ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале