22.05.2017, 17:47
Оқылды: 106

Еңбекті әспеттеген той

 

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта еңбек ардагері Құбайдолла Сасықбаевтың 80 жас мерейтойына арнап, оның перзенттері, туысқандары ат бәйгесін, спорттық ойындар ұйымдастырды. Құбайдолла Сәтбайұлы - ауданның Ақсуат ауылына қарасты Жәгөр елді мекенінде ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығының қиындығын бастан өткерген, аты атырапқа мәлім озат жылқышы атанған жан.


   Ат бәйгесіне Маңғыстаудан, Ақтөбеден, өзіміздің аудандардан жүзге жуық жүйрік қатыстырылды. 3 шақырымдақ тай жарыста сарытоғайлық Келдібай Әбуовтың шабандоз Дулат Еділов тізгіндеген «Нұрторысы», 6 километрлік құнан бәйгеде базартөбелік Жандарбек Жанбалаевтың Елдар Әжіғалиев тақымдаған «Қараторғайы», 15 шақырымдық тоқ бәйгеде Ақтөбе облысынан Нұрдәулет Досымовтың «Сүйіншісі», 24 километрлік аламан бәйгеде маңғыстаулық Бақытжан Еркінұлы шапқан Әбдіғали Таңатаровтың «Нұрсәтторысы» бірінші келді. Сөйтіп, аламан бәйгеге тігілген автокөлік мұнайлы Маңғыстауға кетті.

    Дала ойындарының ең қызықты сәті облысымызда бұрын-соңды көп ұйымдастырыла бермейтін асау үйрету болды. Бұған қатысуға ықылас білдірген жігіттердің қарасы көп болды. Төрешілердің шешімімен 12 жігіт таңдалып, қылқұйрықтарға құрық салды. Асау үйретудің жүлдесі бәріне бірдей бөлініп берілгенмен, білекті де жүректі, дөненді дегеніне көндірген ақжолдық Артур Көшкінбаевқа тең келер ешкім болған жоқ. Мықтылардың санатында республикалық асау үйретуден қола жүлдегер Ғазиз Жанаділов те болды.

   Жанкүйердің делебесін қоздырған қазақ күресіне қатысқандар да аз болған жоқ. 20 балуанның ішінен ақжайықтық Олжас Сүлейменов «Түйе балуан» атанды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале