5.06.2017, 16:54
Оқылды: 71

Ерлікпен қаза тапқан сақшының құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

 Taskala eskertkish takta    ҚР полициясының 25 жылдығына және ерлікпен қаза тапқан милиция капитаны Сайын Ахметқалиевтің 80 жылдығына орай Тасқала аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды.

    БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Сайын Ахметқалиев ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1964 жылы бастап, 1967-1979 жылдары Камен (қазіргі Тасқала) аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, кезекші-инспектор болып қызмет еткен.  1979 жылы 21 қыркүйекте қызметтік міндетін орындау кезінде батылдық әрі қайсарлық танытып, қылмыскердің қолынан пышақ жарақатынан қаза тапты.


   Күні бүгін Тасқала ауылындағы бір көшеге С.Ахметқалиевтің есімі берілген. 2015 жылы ашылған БҚО ішкі істер органдарының қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған қызметкерлеріне арналған мемориалдық кешенге де аты-жөні жазылды. «Өмірін Отан қорғау, оған қызмет етуге арнаған милиция капитаны Сайын Ахметқалиевтің антына беріктігі, батырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Егер ол тірі болғанда, 20 мамырда 80 жасқа толар еді», деді ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов.

   Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Азамат Сафималиев, марқұмның тұяқтары, қызы Айгүл мен ұлы Бақытжан қатысты. Олардың екеуі де Астана қаласында мамандықтарына сәйкес еңбек етуде. Әке жолын қуған Бақытжан - подполковник, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде әскери полиция қызметін атқаруда.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале