10.01.2017, 16:59
Оқылды: 22

Есенғазиевтердің еселі ісі

akjayik-esengaviev  Ақжайық ауданының Мерген ауылдық округінде қазір 15721 қой-ешкі, 5541 ірі қара, 2591 жылқы тіркелген. Түліктерді асылдандыру ісі біртіндеп жүзеге асырылуда. Мысалы, былтыр 13 шаруа қожалығы ірі қараның 25 бас аталығын, 2 шаруашылық 19 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы екі шаруа 30,5 миллион теңге несие алды.


  Онға тарта үй-жайы бар шағын елдімекен жұрты жердің жайлылығына сүйеніп, түлік өсіріп, туған жерден тапжылмай отыр. Ісін дөңгелетіп отырған «Омар» шаруа қожалығының ұжымы солардың бірі. Мал шаруашылығымен ұзақ айналысқан, қазір еңбек демалысындағы Қалим Есенғазиевтің есімі атырапқа мәлім. Қазір әке ізін жалғап келе жатқан Абай мен Абылай Есенғазиевтер іс тізгінін ұстап келеді. 120 бас қылқұйрық пен 150 бас ірі қара бағады. Санды да, сапаны да діттеген.

  Қыс маусымына пішен жеткілікті. Олар былтыр мүйізді ірі қараның ақбас тұқымынан өз қаржыларына 2 бұқа, 17 қашар сатып алған. Одан бұрын 5 бұқасы болған. 150 бастың 97-сі аналық. Бұлардың барлығынан кеселден аман болса, жақсы төл боларына да сенімді. Қазір бірнеше бас бұзау ширап келеді. Орал қаласындағы «Алмагел» мал дәрігерлік дәріханасымен келісімшартқа отырған. Дәріні уақтылы алып тұрады.

  Шаруаға бұрыннан жарап жүрген 2 трактор бар еді және екеуін жаңадан алған. Мұның біреуін 2013 жылы, екіншісін 2014 жылы лизингке еленген. Оған қоса тайлағыш, жатка, орақ сатып алған.

  «Малдың басын көбейту, шаруашылығымызды одан әрі дамыту алға қойған басты мақсат. Қорамызды да жаңалауға көштік»,-дейді Абылай Есенғазиев. Құрылыс материалдарын әкеліп қойған. Дегенмен мал басын өсіру үшін жерлері тарлық етеді екен. Алқаптарының бар аумағы 1240 гектар.

  Абай көп жыл Жаңақала ауданында өрт сөндіру бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Содан зейнетке шыққан соң мал шыраушылығымен тыңғылықты айналыса бастаған.

  Қолдағы техникамен тұрғындардың аудан орталығымен қатысуына көмек беріп тұрады. Мемлекеттің қолдауын толық сезініп, кәсібін нәсібіне айналдырған ағайынды шаруалар болашақтан зор үміт күтеді.

  Алдыңғы толқынның еңбегі сайып келгенде, ауыл-елдің келешегін жалғастырар жас ұрпақтың қамы ғой. Абайдың ұлы Ахмет Омар Түркия мемлекетінде халықаралық қатынастар және әлемдік экономика мамандығында оқып жатыр. Қызы Гүлназ мектепте. Ал Абылайдың үлкен ұлы Мұхамед Қалим Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінде мұнай-газ саласындағы білімге сусындауда.

  Біз тілдескен тағы бір шаруа – Қалим ағаның інісі Халел Есенғазиев. Ол «Халел-Есенгелді» шаруа қожалығына жетекшілік етеді. 115 бас ірі қара малы бар. Оның 80-і аналық.

  2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 8 аналық қашар, 2 бұқа алған. Биыл бұқалар мерзімінің түгесілер уақыты. Орнына 3 аталық алуды жоспарлап қойған. Лизингке тайлағыш, жатка, орақ, ал, 2013 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қомақты несие алған екен, бұл қарыздан мезгілінде құтылған. Бұлар да табында еркек малды ұстағанды құп көрмейді. Себебі оның бәрі жемшөпті көп қажет етеді. Сондықтан қысқа қалдырмай, күз кезінде оларды аудан орталығындағы ет комбинатына өткізеді. «Шаруа жасаймын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау бар. Біз осыны тиімді пайдаланып, мал басын өсіруді жолға қойып отырмыз. Бұл істе Қалим ағамнан алар үлгім көп»,- дейді Халел.

  Олар сонымен қатар аудан орталығынан «Ақбота» дүкенін ашқан. Бұл азық-түлікті көтерме саудамен өткізіп отырған маңайдағы бірден-бір дүкен. Халел бұл сауда орнын баласы Мұхитқа сеніп тапсырған. Өткен жылы тауар таситын «ГАЗель» автокөлігін алған. Олар да қайырымдылықтан қалыс қалған емес. «Мектепке жол» акциясына көмек беріп тұрады.

  Алақандай ауылдың ажарын кіргізіп, қажетіне жараған атқа мінер азаматтардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледік.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале