29.05.2018, 11:29
Оқылды: 115

Ғалым Ақсерік Әйтімовтің жаңа кітабы жарық көрді

Зеленов ауданы Белес ауылдық округінде ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, белгілі ғалым, жерлесіміз Ақсерік Әйтімовтің «Туған елге тағзым» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жарық көріп отыр.

Елімізге танымал ғалымның жаңа кітабының тұсаукесерінде құттықтау сөз сөйлеген Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров жаңа кітап иесі Ақсерік Сарыұлының тың еңбегінің маңыздылығына тоқталып, игі тілегін арнады.

- Сізді аудан халқы атынан «Туған елге тағзым» атты кітабыңыздың жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын.
Сіз Қазақ елінің аты мен даңқын білім мен ғылым кеңістігіне алып шыққан Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан айтулы тұлғалардың бірісіз.
Татулығы мен бірлігі жарасқан Зеленов ауданында кіндік қаныңыз тамған Сіздің өнегелі өміріңізге аудан халқы әркез құрметпен қарап, мақтан тұтады.
Әсіресе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Сіздің «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануыңыз біз үшін үлкен абырой, биік мәртебе, - деді өз құттықтауында аудан басшысы Асхат Берлешұлы.

Жаңа кітаптың лента қию рәсімін Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, ақын-жазушылар Закария Сисенғали мен Мира Шүйіншәлиева жүргізді.

DSC_0156Тағылымды шарада облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, «Транс» ғылыми зерттеу инситутының өкілі Шамсиден Мұқашев, ақын-жазушылар М.Шүйіншәлиева, З.Сисенғали т.б. сөз сөйлеп, кітап авторы Ақсерік Сарыұлының шығармашылық қызметіне табыс тіледі.

Тағылымды кеште елге ыстық ықыласын арнаған ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, белгілі ғалым, жерлесіміз Ақсерік Әйтімов еңбек жолындағы тәлімгері, Белес ауылындағы алғашқы мектептің директоры қызметін атқарған еңбек ардагері Майдан Жұбандықовқа аутокөліктің кілтін табыстап, құрмет көрсетті.

Игілікті шарада жергілікті өнерпаздар Ерген Нұрлан «Елге сапар», Ақкенже Қонысбайқызы «Ризамын саған, тағдырым!», Ақтоты Иманғанбетова мен Нұрлан Сәрсенғалиев «Астана вальсі» әндерін тарту етсе, балғын бишілер мың бұрала би биледі.

Айта кету керек, Орал шаһарындағы «Полиграфсервис» баспаханасынан жарық көрген кітапта Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сары Әйтімовтің өмірдеректері, отбасылық құндылықтары, ауылдар тарихы және Ақсерік Әйтімовтің адамгершілік келбеті туралы материалдар топтастырылған.

 Ертай БИМҰХАНОВ,
Зеленов ауданы

DSC_0171 DSC_0197

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале