23.02.2018, 10:50
Оқылды: 25

«Ғарекең жүрген жолдармен» ән кеші өтті

Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылында «Ғарекең жүрген жолдармен» атты ән кеші өтіп, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды.

 Ән ордасына айналған қасиетті өлкеге өнер сапарымен келген облыс мақтаныштары ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Айбар Хайырханов пен Еркін Өтегенов, облыстық филармонияның жас әншісі Райымбек Ғабиденов және республикалық домбырашылар байқауының лауреаты Ақылбек Бектасов дәстүрлі өнердің жауһарларымен сусындатып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Өнер кешінде халық әні «Ақбақай», Мұхиттың әні «Үлкен айдай»,

«Сүгірдің термесі», «Аманғалидың әні», «Бозорамал», Дәукеннің әні «Жасдәурен», «Сәйгүлік», «Ләйлімшырақ» секілді қазақтың ән өнеріндегі шоқтығы биік әндер шырқалып, қара домбыраның шанағынан Махамбеттің «Жауға шапқан», Жантөренің «Шалқыма» күйлері орындалды.

Әсем әндермен өрілген кеш соңында аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Жарқын Болатұлы, Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса өнер ұжымына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның атынан алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале