26.06.2019, 19:37
Оқылды: 263

«Газеттен жасалған үй» жобасы арқылы үш балалы анаға үй алып берілді

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің мамыр айындағы №21 санында «Медпунктті мекендеген жанұя» атты мақала жарық көрді. Мақалада Көгеріс ауылындағы медициналық пункттің бір бөлмесінде тұрып жатқан үш бала мен олардың анасының қиын тұрмысы баяндалғаны, газеттің сол жанұяға баспана сатып алу үшін «ГАЗЕТТЕН ЖАСАЛҒАН ҮЙ» атты жоба жариялағаны оқырмандардың есінде шығар.

 

dav

«Сырым елі» газетінің «ГАЗЕТТЕН ЖАСАЛҒАН ҮЙ» атты жобасы әп дегеннен қоғамдық қозғалысқа айналды. Жобаны қолдап, халықты жақсылық жасауға насихаттап жүздеген оқырман әлеуметтік желілерде пост жасады. Олардың ішінде белгілі айтыскер Дидар Қамиев те бар. Дидардың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы «ГАЗЕТТЕН ЖАСАЛҒАН ҮЙ» жобасы бүкілқазақстандық қолдау тапты.

Насихат нәтижесін берді. Жалғызбасты ана мен желкілдеген жалаудай болып өсіп келе жатқан үш жігіттің медпунктті мекендеп жатқанын, олардың басыбайлы баспанаға мұқтаж екенін елдің біразы газеттен оқыса, бірқатары әлеуметтік желілерден көрді. Көрген адамның бәрі шама-шарқынша үлес қосты. Сәйкесінше, газеттің штаттан тыс тілшісі Ақеділ Нұрмашевтың атына ашылған есепшотқа сәт сайын қаражат түсті.

dav

Алғашқы қомақты қаражат – 50 000 теңгені Павлодар қаласында тұратын жымпитылық азамат, кәсіпкер, «BI - petroleum» ЖШС директоры Эдуард Исмағұлов аударды. Осы сияқты, мақала жарық көргеннен кейін келесі күні аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы оқушылардың есеп беру концерттерінің билеттерін сатудан түскен 25 000 теңге қаражатты редакцияға қолма-қол әкеліп тапсырғанын, Сырым ауданы әкімдігінің ұжымы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі де қаржылай көмек ұсынғанын бұған дейін жаздық. Алты бірдей оқырман қаражаттарын алып, редакцияға аяқтай келді. «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы 53 700 теңге қаржыны қолма-қол қабылдады.

Мақала жарық көрген шама Рамазан айымен, оның үстіне қасиетті Қадыр түнімен қатарлас келді. Садақа жасап, еселенген сауаптарға кенелуді ниет еткен жұртшылық біздің жобаға қолдау білдіргенді жөн көрді.

Сырым аудандық мешітінің бас имамы Әлішер Ералиев Рамазан айының құрметі үшін медпунктті мекендеген жанұяға бір айлық азық-түлік алып берді. Көгеріске арнайы барған имам жанұяның хәлін біліп, Аңсар, Арман және Ерасыл атты сол үйдің үш баласының әрқайсысына су жаңа спорттық костюм мен аяқ киім және доп сыйлады.

Маусым айының 17 күніне алынған KASPI GOLD-тың үзінді көшірмесіне сүйенсек, 5169 4971 4023 2624 санды есепшотта 629 505, 84 теңге болды. Біз әуелде 300 000 теңге қаражат жинауды межелегенбіз. Ойымыз екі есе орындалды.

sdr

Қаражат жиналғаннан кейін Көгеріс ауылындағы сатылатын үйдің иесі Гүлнәр Мұхамбетоваға хабарластық. Содан не керек, Көгеріс ауылы, Желтоқсан көшесі №20 үйді «Сырым елі» газеті 300 000 теңгеге сатып алды. Төрт бөлмелі баспана маусым айының 20-сы күні Сырым ауданындағы нотариус арқылы үйдің иесіне Гүлнәр Мұхамбетованың атынан Гүлмира Шакированың атына заң жүзінде рәсімделді. Нотариус Абзал Қожахметов те жобаға қолдау білдіріп, қызметінің құнына жеңілдік жасады.

Жедел қимылдап, жұмыстың анабір созылып кетуіне мүмкіндік бермеген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Сырым аудандық бөлімі, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз! Бұдан бөлек, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашевтың да жобамыздың сәтті жүзеге асуына алаңдаушылық білдіріп, газет редакциясымен үнемі байланыста болды.

Осы аптаның дүйсенбісі күні Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қызметкерлері және «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің еріктілері Көгеріс ауылына барып, Гүлмира Шакированың жаңа баспанасына жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жасап берді. Үйдің терезесінің жақтаулары, есіктері сырланды. Қабырғасының кейбір жерлері балшықпен майланып, ауланың кіреберіс бетіндегі шарбақтары қалпына келтіріліп, сырланды. Жастардың ісін жалғастырып, ауыл тұрғындары келесі күні үйдің сыртын әктеді.

***             ***             ***

Бүгін байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мейрамына орай «Жайық Пресс» ЖШС Сырым аудандық филиалы, «Сырым елі» қоғамдық – саяси газеті Көгеріс ауылында үш баланың анасы Гүлмира Шакироваға жаңа баспананы салтанатты тапсыру шарасын ұйымдастырды. Кілтті үйдің жаңа иелеріне Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов табыстады.

dav

-Сырым ауданында Жаңаөңір, Сасықкөл, Алатау ауылдарындағы мектептер бала санының жетіспеушілігіне байланысты жабылды. Осы тағдыр тағы да бірқатар мектептің басында қайталануы мүмкін.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті үш балалы анаға баспана сатып алып беру арқылы, ауыл мектебінің сақталуына, сол арқылы ауыл берекесінің сақталуына үлес қосты. Аудандық басылымның елдің мәселесін шешудегі табысты ісін көріп, Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – елдің көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін еске түсіреміз.

«Сырым елі» газетінің «Газеттен жасалған үй» атты жобасының сәтті жүзеге асуы, Көгерістегі қоныстой құтты болсын! – деді аудан әкімінің орынбасары.

kogeris (9)

Қоныстойға көрімдік үйге көгілдір отынды тегін өткізу туралы сертификат және редакция атынан кілем сыйға берілді. Айта кетейік, Гүлмира Шакированың жаңа баспанасына «Сана - Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Армат Төлегенов төмендетілген бағамен газ желісін тартып беретін болды. Құны 350 000 теңге болатын жұмысты серіктестік 200 000 теңгеге атқармақ.

Салтанатты шарадан кейін, ауыл үлкендері бата жасап, әжелер шашу шашып, қаумалаған қауым үйдің ішіне беттеді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале