23.01.2020, 11:40
Оқылды: 95

Гүлге оранған мектеп

Әсемдік пен сұлулықтың символына айналған әлемдегі ең нәзік нәрсе – гүл. Сұлулығымен көз тартатын гүлмен әр орынның ажарын ашуға болады. Гүлді өсіруге келгенде еріншектік танытатынымыз бар. Алайда гүл өсіруді дағдыға айналдырған білім ошақтары да жоқ емес.

qaztalov gul (1)

Күні кешегі іссапар барысында аудан орталығынан шалғай жатқан Казталов ауданының Талдыапан мектебіне бардық. Ауданға алыс мектептің бүгінгі көрінісі көз тоярлықтай. Іші мен сырты қыздың жинаған жүгіндей тап-таза. Бір ерекшелігі мектептің кіре-берісінде қаздай тізілген гүлдер көздің жауын алады. Көптігі соншалық иісі мұрын жарып, мектеп іші жайнап тұр. Оқу орынның дәліздері мен сыныптарында 250-ге жуық гүл өсіп тұр. Олардың қатарынан раушан, алендра, әйел бақыты, кактус және тағы басқсын кездестіруге болады.

qaztalov gul (2)

Бұл гүлдердің кейбірі армандарына қанат бітіріп қияға ұшқан түлектердің сыйы. Әр жылғы мектеп бітіруші түлектер алтын ұяларына гүл сыйлауды дәстүрге айналдырған. Тамаша тарту.

Гүлдерді ұстаздар мен оқушылар бірігіп күтеді.

-Біздің мақсатымыз – балаларды табиғатты сүюге, аялауға тәрбиелеу. Оқушыларымыз гүлді көргенде сындырмайды, жұлмайды, оған ерекше көңілмен қарайды. Балалардың өздері гүлдерді суарады, баптайды, еңбектенеді. Өзіңіз көріп отырғандай мектептің әр түкпірінде гүлдің біраз түрі бар. Түлектеріміздің сыйы да төрімізде тұр, - деді еңбек пәнінің мұғалімі Құралай Төкенова.

qaztalov gul (3)

Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы мұнымен шектелмей гүлді көбейтпек. Бір байқағанымыз сан түрлі гүлді бірде-бір оқушының не теуіп, не сындырып жатқанын көрмедік. Балалардың бойындағы тірі табиғатқа деген сүйіспеншілікті осыдан-ақ байқауға болады.

Айналаны шолып жүргенімізде шағын орталықтағы гүлдің ортасында отырған бүлдіршіндерді байқап қалдық. Сүп-сүйкімді балақайлар әр алуан гүлге ерекше нәзіктік сыйласа, ал гүлдер балалардың болашақ армандары қанат бітіретіндей көрінді. «Кім болғыларыңыз келеді» деп сұрағанымда жан-жақтан шулап қоя берді. Иә олар да бір күні гүл сияқты жайқалып өседі. Өмірлері де айналадағы әсем гүлдер сияқты жайқалса екен деген тілекпен кете бардық.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале