12.06.2017, 16:52
Оқылды: 48

Ғұмар Қараш тұлғасына арналған конференция

Борсы ауылында Алаш қозғалысының  100 жылдығына орай  ұлы дала философы, ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың  өмірі мен қызметіне  арналған  «Қараңғылықтың  түнегін түрген шамшырақ» атты аудандық конференция өтті.

Жиылған жұртшылық  әуелі  туған жері  Борсы ауылында мәңгілік  тыныс тапқан Ғұмар Қараштың зиратының басына жиналып, аудандық  мешіттің имамы Есенболат қажы Абдуғалиев бабаның рухына құран бағыштады.

Ғ.Қараш атындағы орта мектепте өткен  кітап көрмесінің тұсаукесерінде  Борсы ауылдық округінің   әкімі  Айгүл Қайырлықызы   құттықтау сөз сөйледі. Борсы, Тегісшіл  ауылдық кітапханасының кітапханашылары  Салтанат  Дишенова, Гүлсінай  Исқақовалар «Айбынды Алаш  арыстары» атты кітап көрмесімен таныстырды.   Ғ.Қараш атындағы мектептің  5-сынып  оқушысы  Назлы Нұрмұхан «Ноғайлы», 7-сынып  оқушысы Аслан Құзайыр «Алашқа», 9-сынып  оқушысы Гүлнара Жұмаш «Саған не болды?» атты  Ғұмар Қараштың өлеңдерін әсерлі етіп, жатқа оқып берді.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов  конференция  жұмысының мән- мазмұнымен таныстырып өтті.

Ғ.Қараш атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің  мұғалімі  Қымбат Осатова «Ғұмар  Қараш – тарихи тұлға», Ұзынкөл мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің  мұғалімі   Лаура Исатайқызы «Ғұмарды білмек парыз ойлы жасқа», ҚР Журналистер одағының мүшесі, А.Оразбаева атындағы мектептің  жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Меңдігүл Ғарифоллақызы «Әрбір  істе  қазақ иісі аңқығанын, Тірлікте көзімізбен  көреміз бе?»  атты баяндамалар ұсынды.

Аудандық ардагерлер  кеңесінің төрағасы, Ғұмар Қараштың есімін халыққа танытуда өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері жұмыстанып, басына белгі қою ісіне ұйытқы болған Амангелді Уәлиев, Борсы ауылының  ардагер ұстазы,  ақын өлеңдерін жеткіншек ұрпаққа насихаттап жүрген  Тамара Бекбосынова, қадірменді ақсақал Қабаш Жүнісов, «Ақбастау» жастар  қоғамдық бірлестігінің төрағасы, осы шараның аясында ұйымдастырылған аттылы  экспедициялық жорықтың мүшесі Руслан Нұрәлиевтер өз естелік, әсерлерімен бөлісті.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале