2.06.2020, 17:18
Оқылды: 186

Ине-жіптен игілік иірген Гүлвира

Мақсат айқын болса, арман орындалады. Бұл Теректі ауданына қарасты Қоғалытүбектің қызы Гүлвираның өмірлік ұраны. Болашақтың іргетасын бүгіннен бастауды құп көретін ол 2001 жылы дүниеге келген. Жаны шығармашылыққа құмар кейіпкеріміз бесінші сыныптан бері тоқыма тоқып, іс тігіп келеді.

92DB2380-CD0C-4EE6-A79C-0222D440D498

– Қолөнерді анам Салтанаттан үйрендім. Ол кісі жақсы тоқиды. Анамның жанында жүріп, тоқудың қыр-сырын білдім. Жалпы, бұл іс сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді екен. Сонымен қатар уақытты тиімді өткізуге үйретеді, әрі ойым да бөлінеді. Қазіргі таңда түрлі жастағы жандарға киім тоқып беремін. Сондай-ақ шұлық, жөке т.б. тоқып, саттыққа шығарамын, – дейді Гүлвира Рамазанқызы.

Мұқас, Манас сынды бауырларына қамқорлық танытып, бар білгенін айтып отырудан әсте жалықпайтын жас шебер еңбекқор жан. Айталық, ол өткен жылы «Бизнес бастау» арқылы кәсіпкерлік саласында білім алып, сертификатқа қол жеткізген. – Бүгінгі уақытта өз қаражатыма тәттілер пісіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алдым.  Сөйтіп, торт, кекстер пісіріп жүрмін. Тұрғындардан да тапсырыс түсіп тұрады. Кәсіпкерлік саласында білім алдым, алайда өзімнің жеке кәсібімді аша алмай жүрмін. Келешекте кәсіпкер болып, үлкен цех ашуды мақсат тұттым. Мақсатым айқын, енді арманым орындалса екен, – дейді Гүлвира.

Дәмді тамақ дайындап, ине-жіптен игілік иірген оның әншілік өнері де бар. Нақышына келтіре ән шырқауды жаны сүйеді. Мінекей, тал бойына өнерді сіңірген Гүлвира – осындай жан!

Көпшілік қарағанда көздің жауын алатын, тұтынғанда қажетіне жарайтын бұйымдарымен талайды тамсандырып жүре бер, жас шебер!

 Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале