28.07.2017, 18:09
Оқылды: 23

Іске қарқын керек

«Сайқын ауылының су құбыры құрылысына 37 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс материалдары алынып, бұл жұмыстарды 2017 жылы жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 110 млн. теңге қаржы қаралды» - деп еді биылғы есепті баяндамасында Бөкей Ордасы ауданының әкімі Н.Рахымжанов.


«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су тартатын «АльфСервисСтрой» ЖШС-і жігіттері наурыз мерекесі қарсаңында Сайқынға алғаш табан тіреген-ді. Бұл күнде 4 жер қазу тракторы (эксковатор), 2 кран, 2 «КамАЗ» және 40-қа тарта адам шұңқыр қазу, астын тегістеу, полиэтелин құбыр салу, сақиналы құдықтар орнату сынды жұмыстарды жүргізуде.

«АльфСервисСтрой» ЖШС-інің Сайқындағы жұмысы екі жылға есептеліпті. Әр тұрғынның ауласына су құбырын жеткізумен қатар, олар жаңадан биіктігі 18 метр, сыйымдылығы 80 текше метр су мұнарасын тұрғызып, жаңа су айдау станциясын салып бермек. Учаске басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Егізбаев, Бөкейханов, Оразбаева, Шагиров, Қазақстан көшелеріне құбыр төселген. Жоғарыда мәлімдегеніміздей, әр жердегі сақиналы құдықтардың айналасындағы тау-тау топырақтар ғана жүргіншілердің жолын бөгеуде. А.Махметовтің әңгімесінен түсінгеніміз, құбырларды ауа қысымымен тексеріп, жалғамайынша ол «таулар» жататын сыңайлы. Және бір көңілімізге кірбің ұялатқаны – бұл мекеменің істі аяғына дейін жеткізбейтіні, яғни, суды үйдің ішіне кіргізбейтіні. Ауладағы колонкадағы су қыста қатып қалатындықтан, ішке өткіздіріп алған тиімді емес пе? «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайтыны» неге ескерілмеген?

Осы орайда, сонау бір жылдары тұрғызылған «су дүңгіршіктері» еріксіз еске түседі. «Иран аға Дәуленов бастаған үлкендер бұл жобаға келіспей, одан да ол қаржыны газге (көгілдір отынға қол жетпеген шақ қой) салайық депті»,-деседі білетіндер. Су дүңгіршіктері мықтағанда бірер жыл жұмыс істеген шығар, кейін жабылып қалды. Желге ұшқан қаржыны кім санапты...

«АльфСервисСтрой» ЖШС-інің Сайқын учаскесіндегілердің жұмысы кеңсе қызметкерлерінің кестесіндей. Таңғы сағат 8:30 да басталып, арадағы 2 сағаттық үзіліспен 18:30 да аяқталады. Жазғы науқанда таңғы, кешкі салқынды пайдалануды қалалықтар білмейтін де шығар.

Сөзіміздің тоқетері: іске қарқын керек. Келер жылдың тамызында бітіруді межелеп отырған орындаушыларды асықтырмасақ, жүргіншілерге кеселдік келтіріп тұрған тау-тау топырақ «қыстап» қалуы ғажап емес. Ал, сайқындықтар ауыз судың үйге кіргізілуін асыға күтуде.

Каримолла ҒАЙСИН

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале